Бүгін белгілі режиссер Шәкен Аймановоың туған күні, деп хабарлайды ozgeris.info порталы.
Шәкен (Шаһкерім) Айманов 1914 жыл 15 ақпанда қазіргі Павлолар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келді.
Өнер саласындағы алғашқы қадамын 1932 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрында актер болудан бастайды.
Театр қабырғасында жүріп Шәкен қазақ, орыс және шетел драматургтерінің таңдаулы шығармаларында ойнайды.
Грамофонов (Погодин, «Менің досым») Қодар, Керім («Абай»), Алдар көсе (Құсайынов, «Алдар көсе»), Исатай (Жансүгіров, «Исатай-Махамбет») Шекспирдің «Отелло» қойылымында – Кассио рөлдерін алып шықты.
Шәкен сомдаған Абай, Хлестаков, Ақан сері, Кассио, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло рөлдері қазақ театр өнері тарихындағы сәтті, бірегей бейнелер болып қалды. Айманов театр сахынасында 20 жылдай қызмет етті. Оның әрбір рөлі өзгеше құдіретке ие болды.
Ш.Айманов өз талантын режиссура саласында да дәлелдей алды. Ол «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» секілді песаларды қою арқылы театр режиссурасының қыр-сырымен танысты.
Өзінің режиссерлық стилінде шығарманың көркемдік ойын терең ашуды, ұлттық бояуды бере білу мен сахналық әйдік бейне табуды басты мақсат етті. Аймановтың 1952 жылы қойған «Абай» спектакліне КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Ш.Аймановтың кинодағы алғашқы қадамы 1947 жылдан Қазақтың академиялық драма театрында бас режиссер болып қызмет атқарған кезінен бастау алады. Бір айта кетерлігі 1938 жылы қазақ жерінде түсірілген тұғыш дыбысты кинотуынды — «Амангелді» (реж.: М.Левин) фильмінде ол жанама рөлдердің бірінде ойнаса, 1940 жылы «Райхан» (реж.: М.Левин) және 1943 жылы «Ақ раушан» (реж.:Е. Арон) фильмдеріне түседі.
Ш.Айманов киноға қалай қызығушылық танытқаны туралы өз естелігінде:
«Соғысқа дейінгі кезең.Киноға түсуге кино алаңына келдім. Бұл 1937 жыл болатын. Қастек ауылында Амангелді Иманов туралы фильм түсірілді. Режиссеры – М.Левин. Бір сағат қана тамашалауға келгем. Бірақ, кино алаңынан кете алмадым. Күні бойы осында жүрдім.
Режиссерге келіп, өзіме рөл беруін өтініп едім, ол маған рөлдердің бәрі тарқатылып қойғанын, массовкада сарбаздың қатарында болуымды өтінді. Сарбаз болса, несі бар. Өзіме костюм дайындап, опа-далапты да өзім әзірледім.
Сол күні мені түсіріп алды. Сол күннен бастап, менің киноға деген ерекше махаббатым оянды. Әрбір дүйсенбі күні кино түсіру алаңына келіп жүрдім.
Қолымнан келген шаруаларды атқара беремін. Алда тағы кино түсірер болса, маған міндетті түрде рөль беретін болды» деп жазады 1945 жылы ол «Абай әндері» (реж.: Г. Рошаль, Е. Арон) фильмінде Шәріп рөлін сомдаса, 1952 жылы «Жамбыл» (реж: Е. Дзиган) көркем фильмінде Ж.Жабаевтың орта, жасамыс және қарттық кезеңін түгелдей бір өзі шынай сомдап, күрделі экрандық бейне Жамбыл образын сәтті алып шықты.
1953 жылы Ш.Айманов қазіргі «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жағын басқару ісіне келеді. Сол жылы ол кино саласындағы алғашқы шығармасы «Махаббат туралы аңыз» фильмін қояды.
Бұл фильм қазақстан кино тарихындағы түңғыш қазақ режиссеры түсірген (К. Гаккелдің қатысуымен) туынды еді. Әрине филмнің кино өнеріне тән көркемдік сапасы туралы жылы ғана лебіз айтуға болады. Себебі фильм Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көпеш-Баян сұлу» пьесасының сахналық қойылымның тікелей экрандық нұсқасы еді. Осыдан кейін Айманов 1954 жылы «Дала қызы» атты фильмін түсірді.
1957 жылы режиссер «Біз осында тұрамыз» фильмін экранға шығарды. Ш.Аймановтың бұл туындысы тың игеру тақырыбына арналды. Аталған фильмде қазақ жеріне Кеңес Одағының әр жерінен келген жастардың тың көтеріп, егін өсіріп, отбасын құруы жайында баяндалады. Фильм режиссерлық тұрғыда сәтті туынды болды. Кинокартина сол кездегі Бүкілодақтық бірінші кинофестивальде арнаулы сыйлыққа ие болды.
Айманов әр жылдары «Біздің сүйікті дәрігер» (1958), «Алдар Көсе» (1965), «Атамекен» (1967), «Найзатас баурайында» (1968), «Тақиялы періште» (1969) филмдерін түсірді.
«Атамекен» кинотуындысы бүкіл кеңес халқының біртұтастығы, бөлінбейтіндігі идеясында түсірілген үлттық ерекшелігіміз көрсетілген ерекше туынды еді.
Кино режиссердың «Біз осында тұрамыз», «Алдаркөсе», «Тақиялы перішет» «Атаманның ақыры» фильмдері шын мәнінде бірегей кинотуындылар еді. Ол өзінің бір естелігінде былай дейді: «Оператор да, суретші де, композитор да сөз жоқ талантты болуға тиіс. Тіпті, администратор мен пиротехникте ерекше дарынды болса деймін. Дегенмен, фильмнің жетістікке жетуіне де, құлдырауына да кінәлі адам – режиссер».
«Атаманның ақыры» қазақ киносындағы алғашқы детектив жанрындағы фильм болды. Өкініштісі бұл ұлы суреткердің соңғы қойған экрандық шығармасы болып қалды. Фильм шебер драматургиясымен бірегей көркемдік шешімімен қазақ кино өнерінде ерекше орын алады. 1970 жылы «Атаманның ақыры» фильмі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Алайда сыйлық Шәкен Аймановқа қаза болғаннан кейін берілген болатын. Қазақ өнерінің бірегей тұлғасы 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында тосын жол апатынан қаза тапты.
Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, 1958-70 жылдары одақ басқармасының 1-хатшысы қызметін атқарды. 1972 жылы Алматы қаласының көшесі және 1984 жылы «Қазақфильм» студиясы Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды.
ПІКІР ЖАЗУ