Судья сот алдында: Жұмағұлов ісі қарала бастайды

фото: ашық дереккөзден

Орал қалалық сотының экс-төрағасы Руслан Жұмағұловтың ісі 5 мамырда қарала бастайды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz порталына сілтеп.

Бұған дейін жергілікті басылымдар Жұмағұловпен бірге екі адвокаттың да ұсталғанын жазған болатын. Тергеу мәліметінше, олар сотталған адамға жеңіл шешім шығару үшін 1,5 миллион теңге пара алған.

Айта кетейік, өткен жылдың қараша айында тергеу органдарының өтінішімен Орал қалалық сотының төрағасы қамауға алынған еді. Қамауға алу туралы санкцияны Астана қаласындағы тергеу соты берген. Ресми деректерге сүйенсек, 6 қарашада тергеушілер Жұмағұловты 10 күнге қамауға алуға өтініш түсірген.

Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Руслан Жұмағұловқа қатысты қылмыстық істің қозғалғанын растаған.