Атырау облысындағы Миялы ауылында тұрғындарды ішнара эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Күндізгі сағат 17:45-тен бері 559 адам эвакуацияланды.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, эвакуациялау Ойыл өзенінен тасқын судың төнуіне байланысты қолға алынған.
«Ойыл өзенінің суы арнасынан асып, Миялы ауылына қауіп төндірді. Осыған байланысты сағат 17:45-те ауыл тұрғындарын қауіпсіз орындарға эвакуациялау басталды. Кешкі сағат 20:30-ға дейін Миялы ауылының 559 тұрғыны көшірілді. Оның ішінде 327 бала бар», — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қызылқоға ауданының әкімдігі ауыл тұрғындары үшін екі мектеп пен бір бала бақшаны дайындады. Мәселен, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепке 210 адам, оның ішінде 124 бала, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясыға 79 адам, оның ішінде 53 бала, «Нұр-Шуақ» балабақшасына 270 адам, оның ішінде 150 бала орналастырлған.
Тұрғындарды эвакуациялауға төтенше жағдайлар департаментінің 12 қызметкері, 2 техникасы, жергілікті атқарушы органнан 6 қызметкер мен 4 техника жұмылдырылды.
«Қызылқоға ауданына су басу қаупіне байланысты 31 наурызда сағат 19:15-те Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары көмек көрсетуге жіберілді. Қосымша көмек тобында 60 қызметкер, 5 техника бар», -деп мәлім етті департаментті ңқоғаммен байланыс тобынан.
Фото: Атырау облыстық ТЖД
ПІКІР ЖАЗУ