Болат Назарбаев пен Қоспаевтар былығына неге халық жауап беру керек? Jurtmedia подкастында аталмыш мәселе егжей-тегжейлі талқыланды. Осы даулы мәселенің бас-аяғын толық білетін заңгер Жақсылық Тұрсынбай айтып берді.
Бұл мәселе 2011 жылы басталған. Сол жылы университет өз материалдық жағдайын арттыру мақсатында, жаңа оқу корпустарын салу мақсатында, технопарк салу мақсатында Алматы бойынша жаңа жер тілімін іздейді. «Сәулет Құрылыс» компаниясынан қызықты ұсыныс түседі. Cебебі бұл компания «Николь» базарының заңды иегері болған. Заңгерлер зерттей келе аталмыш жер телімінің «Альянс» банкте кепілде тұрғанын анықтайды.
«Біз заңгерлер тобы осы жер телімін банктің кепілінен шығарып алу бойынша келіссөздер жүргізе бастадық. Кез келген сату және сатып алу шартында екі тарап даудан бос дүниені сату керек. Келіссөздердің соңында нақты бір шешімге келдік. Сатылып отырған мүліктің белгілі бір бөлігі банкке төленуі керек, яғни осылайша кепілден босату үшін. Бұл шамамен 360 млн теңге. Бұл ақшаны университет банкке төледі, қалған 200 млн теңгені сатушы «Сәулет Құрылыс» компаниясына төлеуіміз керек еді. Ал «Сәулет Құрылыс» шоттарымыз бұғатталған деген желеумен, басқа бір компанияның шотын берді. Біз сенген соң, ешнәрседен күдіктенбедік. Солайша қалған ақшаны «ДарСтрой» деген компанияға аударылды», — дейді заңгер Жақсылық Тұрсынбай.
Шарттың барлығы жасалып, ақшасы толық өтелген жер телімін университет бір ай ішінде қабылдап алуға тиіс еді. Университет өкілдері базарды қабылдап алуға барған кезде, базардың күзет қызметі ол аумаққа кіргізбейді.
«Бұл базарды кім және кімге сатқанын білмейміз. Бұл базар Болат Назарбаевқа тиесілі», — деген уәж айтылды дейді заңгер.
Арада бір айт өткен соң, қалған ақшаны алған «ДарСтрой» компаниясы университетті және «Сәулет Құрылыс» компаниясын сотқа береді. Олардың талабы екі тарап жасаған келісімшарттың күшін жою. Белгілі болғандай, «Сәулет Құрылыс» компаниясы мен «ДарСтрой» арасында 2008 жылы келісімшарт жасалған. «Сәулет Құрылыс» берешегі болғандықтан, қаржылық міндеттемесін орындау үшін даулы мүлікті беруге міндеттелген. Осы келісімді негізге алып, «ДарСтрой» базарды тартып алуға ниеттенген. Алайда «ДарСтрой» заңды айналып өтіп, ешқандай күші жоқ құжатты жасап алған: ол келісімшарт мемлекеттік тіркеуден өтпеген, және банкте кепілде тұрғанын да ескермеген. Банктің келісімін алмаған.
Бірінші сотта университет жеңіп шығады. Артынша апелляциялық шағым түседі де, екінші сотта университет жеңіліс табады. Соттың шешімімен «Сәулет Құрылыс» аталмыш жер телімін «ДарСтрой» компаниясына беру керек деген үкім шығады. Алайда кейін белгілі болғандай, базар осы жылдар ішінде бірнеше рет басқа тұлғаларға сатылып кеткен. 2013 жылы «Сәулет Құрылыс» бұл жерді өзінің серіктесіне 700 млн теңгеге сатады. Екі жыл өткен соң сатып алған компания даулы мүлікті жеке тұлғаға, яғни Болат Назарбаевқа төмен бағада сатқап жіберген.
Университеттің ұжымы атынан Болат Назарбаевтың атына хат жазылған, алайда ешқандай жауап сол күйі келмеген.
Заңгердің айтуынша, бұл іс алдын-ала келісілген дүниеге ұқсайды.
«Себебі соттың үкімі сол күйі орындалмады. Бірінші сотта екі тарап бастапқы қалпына келтірілсін деген шешім болды. Кейін соттың шешімімен аталмыш даулы мүлік «ДарСтрой» компаниясына өту керек еді, алайда бұл жер телімі соттың шешімін айналып өтіп, басқа тұлғаға сатылып кетті. Сондықтан бұл іске баға беріп отырып, бұл алдын-ала ұйымдасқан іс деп айта аламын. Сенемін. «Сәулет Құрылыс» компаниясы университеттің ақшасы арқылы банктегі қарызын жапты, кейін алған ақшасын төлемеу үшін өзін банкрот деп жариялады», — дейді заңгер.
Заңгердің айтуынша, елімізде сот әділдігі әлі де ақсап тұр. Әлі де жеке судьялардың тәуелсіздігі жоқ. Ықпалды күштер көп.
«Жаңа Қазақстанның алғышарттары билік ауысқан кезде сезілген еді. Түбегейлі өзгерістер болады деп үміттендік. Алайда қазір Ескі және Жаңа деген ұғымдардың арасында айырмашылық жоқ. Бізде сот әділдігі әлі ақсап тұр, ықпалды күштер әрқашан болды және болады», — дейді заңгер.
2022-2023 жылдары университет ұжымы Тоқаевтың атына хат жазады. Хатта болған оқиғаны егжей-тегжейлі жазып жібереді. Хат бас прокуратураға түседі.
«Прокуратура бұл іспен келісіп, үлкен қаралым болды. Нәтижесінде 2023 жылы университет пен «Сәулет Құрылыс» компаниясы арасында жасалған, бұрын жарамсыз деп танылған келісімшарт заңды күшіне қайта енеді. Университеттің талабы бір болды: жер телімін қайтару немесе ақшаны қайтару. Осы тергеу барысында, аталмыш жер телімі алдымен Болат Назарбаевқа, кейін Қоспаевтарға өткені анықталды», — дейді заңгер.
Ағайынды Елдос және Айдос Қоспаевтардың есімдері қылмыс әлемінде белгілі. Тіпті Болат Назарбаевтың оң қолы екенін қоғам жақсы біледі. Даулы жер телімі осы Айдос Қоспаевтың атында екені анықталды.
«2021 жылы бұл мүлік Болат Назарбаевтың атынан «Николь Инвестмент» деген компанияның атына өткен. Бірден көзіме түскені, директоры Имашев Ерлан, ал негізін қалаушы Қоспаев Айдос. Бір қызығы мүлік өткен компания осы келісімшарт жасар алдын бір күн бұрын құрылған. Яғни бұл компания мүлікті өткізу үшін құрылған. Қаржылық мониторинг қызықты мәліметті айтты: сол жылдары, билік ауысқан кезде 2020-2021 жылдары Болат Назарбаевтың активтерінен арылу жұмыстары белсенді жүргізілген екен. Яғни заңсыз немесе қолдау шарасы етінде атына жазылған өзгелердің мүліктері қайтадан иелеріне қайтарыла бастаған», — дейді заңгер.
Болат Назарбаев жер телімін сатып алу жұмыстарына өзі тікелей қатыспаған, өкілдерін жіберген. Ал жаңадан құрылған «Николь Инвестмент» компаниясының атынан жас қыз қатысқан. Сот процессі барысында аталмыш қыздан жауап алынған. Бір күн бұрын құрылған компанияда қыруар ақша қайдан келді деген сұрақ қойылған. Аталмыш қыздың айтуынша, ол бұл келсімшарттан, қанша қаражат екенінен еш хабары болмағанын жеткізген.
Енді заңгерлердің жалғыз ғана мүмкіндігі ол университетпен жасалған келісімшарттан кейінгі сатып-алулардың күшін жою. Ал Қоспаевтар қылмыстық іс аясында қамауға алынғандықтан, заңсыз жолмен тартып алынған даулы мүлік мемлекетке қайтарылуы мүмкін. Нәтижесінде даулы жер жергілікті әкімшілікке өтеді.
«Негізі университет бұл жерді алып ертең ойын-сауық орталығын, немесе көпқабатты үй салайын деп жатқан жоқ. Университет ол жерге оқу корпусын салуды көдеген. Ол біздің болашағымыз. Екі ғимараттың арасы бір-ақ квартал. Сондықтан бұл университет үшін өте тиімді жер еді. Бұл жеке тұлғаның мүддесі емес, бұл әлеуметтік нысан. Мемлекет үшін маңызды нысан. Бізде онсыз да жатақхана салатын жер жоқ», — дейді заңгер.
Қазір аталмыш даулы жер телімі әлдебіреулердің қолында жеке автотұраққа айналып кеткен дейді заңгер. Кезінде университет сатып алған жер қазір қағаз жүзінде жойылып кеткен. Яғни осы уақыт ішінде даулы жердің мекен-жайы, номері, көлемі, тіпті мақсаты да өзгеріске ұшыраған. Сондықтан қазір университет қайтару туралы әрекет жасаса, өзі сатып алған жер телімі құжат жүзінде болмайды. Міне, осы мақсатта барлық алып-сатулар жасалған сияқты, деп қорытындылады заңгер.
«Ендігі біздің қадам бұрын жасалған келісімшарттарды бұзуды талап ету. Бізге қылмыстық іс кедергі болған, енді ол аяқталды. Бізге кедергі болатын ешнәрсе жоқ. Бірақ қазір бұл мемлекетке қайтарылатын мүлік пе, жоқ па, осыны анықтау керек», — дейді заңгер.
ПІКІР ЖАЗУ