«Спикер Заманбек Нұрқаділовтің немересі»: «Feminita» ұйымы оқушыларға секс-ойыншықты қалай қолдану керектігін үйретпек

Коллаж: ozgeris.info

Желіде Feminita ұйымының мектеп жасындағы балаларға арналған шарасының хабарландыруы тарады, — деп жазады ozgeris.info сайты.

Аталмыш шара наурыздың 9-ы күні сағат 10:00-16:00 аралығында өтеді. Мақсатты аудиториясы 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған. Сессияда балаларға жыныстық сауат туралы айтылады. Әр сессияның өз спикері бар.

Ең қызығы шараның маңызды қонағы Заманбек Нұрқаділовтің немересі — Нұрбибі Нұрқаділова.

Қоғам белсенділері Feminita ұйымының бұл шарасына қарсы. Себебі Нұрбибі Нұрқаділова өткізетін сессияда 13 пен 17 жас аралығындағы балаларға секс-ойыншықтар(вибратор, ересектерге арналған дүкендер) көрсетіліп, оларды қалай қолдану керектігі туралы бүге-шүгесіне дейін түсіндіріледі екен.

Желіде тараған скринға сүйенсек, жоғарыдағы хабарландыру Алматыдағы мектеп оқушыларының чаттарына таратылған.

Алайда ұйым өкілдері кездесудің болатынын растамады. Таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

“Feminita” ұйымы өздерінің ресми парақшасында мұндай іс-шара ұйымдастырмайтынын мәлімдеді. Одан кейін кездесуге шақырылатын адамдардың жасы 18-ден жоғары болатынын еске салды.

Айта кетейік, өткен аптада әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот “Feminita» ұйымының құрылтайшысы Жанар Секербаеваны 393 200 теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.

Жанар Секербаева Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабының 9-бөлігі бойынша «Заңда белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық бірлестікті басқару» айыбымен кінәлі деп танылды.