Солтүстік Қазақстан облысының орманынан төрт жыл бұрын жоғалып кеткен ер адамның қаңқасы табылды.
«3 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Налобино ауылы маңындағы орманда жергілікті тұрғындар жидек теру кезінде адам қаңқасының қалдықтарын тапты. Сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес, орманнан табылған қалдықтар Налобино ауылының 1960 жылы туған тұрғынына тиесілі», — делінген хабарламада.
Анықталғандай, 2019 жылдың 31 тамызында ер адам үйінен белгісіз бағытта шығып кетіп, қайта оралмаған. Полиция, жергілікті тұрғындар мен еріктілер іздестіру шараларын жүргізді, бірақ нәтиже болмады. Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Егер адам жоғалып кетсе не істеу керек?
Gov.kz порталында көрсетілгендей, адам жоғалып кеткен кезде бірінші кезекте 102 нөмірін теру арқылы полицияға хабарлау немесе жақын жердегі бөлімшеге келуі керек.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ақпаратпен қамтамасыз ету үшін мына деректер қажет:
- хабарсыз кеткен адамның жеке деректері — аты, тегі, әкесінің аты, жасы, шашының түсі, мең, тыртық немесе татуировка түріндегі арнайы белгілер;
- адамның жоғалып кеткен кездегі жағдайы туралы мәліметтер.
Полиция адамның келмеу ұзақтығына және болжамды хабар-ошарсыз кеткен жеріне қарамастан өтінішті дереу қабылдауға және тіркеуге міндетті. Мұндай өтінішті беру үшін ешқандай мерзім жоқ.
Адам жоғалып кеткеннен кейін үш күннен соң ғана өтініш беруге болады деп ойлау қате.
ПІКІР ЖАЗУ