Семейде шырша безендіремін деп жүріп құлап, басын жарған мұғалім Қуат Айтқалиевке «Соцблок» деген WhatsApp тобынан бұйрық келген. Редакция сауалына жауап берген Семей қаласының білім бөлімі бұйрықты кімнің бергенін жасырып қалды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
«2024 жылғы 20 желтоқсанда сағат 18.48 минутта WhatsApp мессенджері бойынша «Соцблок» чат-тобына 21 желтоқсанда таңғы сағат 9.00-де қаланың орталық алаңында шыршаға безендіру жұмыстарын жасау үшін ер адамдардан келуді сұрайтыны туралы хабарлама келіп түсті», — делінген жауапта.
Бұған дейін, Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мұғалімдер «волонтер ретінде жұмысқа тартылды» деген ақпарат берген еді. Сонымен бірге, шырша сатып алуға және жеткізуге 25 млн теңге бөлінгенін, алайда шыршаны құруға, безендіруге қаржы бөлінбегенін атап өтті.
Абай облысы Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесінің «Семей қаласының мәдениет сарайы» мен «Чечулина Ксенья Валерьевна» ЖК арасында шырша сатып алу туралы шарт жасалған. Жеке кәсіпкерден 25 млн теңгеге 1 шырша, 300 жарықдиодты гирлянда, 1706 және 520 дана шыршаға әшекей сатып алынған. Семей қаласының мәдениет сарайы тауарды қабылдап алып, шарт бойынша ақысын төлеген, бірақ шыршаны орнату мен безендіру жұмыстарын міндетіне алмаған.
ПІКІР ЖАЗУ