Сириядағы лаңкестер құрамында 30-дан астам қазақстандық бар

Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Даурен Абаев РИА “Новости” агенттігіне мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елшінің айтуынша, олардың көпшілігі елге оралуды жоспарламайды. Кейбіреулері Сирия азаматтығын алып, сол елде тұрақты тұруға ниетті.

Сонымен қатар, “Аль-Холь” және “Родж” лагерлерінде 10-нан астам қазақстандық әйел бар. Олар да Отанына қайтудан бас тартып отыр.

Даурен Абаев Қазақстанға Сириядан оралатын содырлардан қауіп жоқ екенін атап өтті. Бұл мәселе арнайы қызметтердің бақылауында.

Сириядан оралғандардың деструктивті әрекеттерге баруына ешқандай негіз жоқ. Қазақстандық арнайы қызметтерде оларды бақылау, қайтару және экстрадициялау бойынша мол тәжірибе бар, – деді елші.

Оның айтуынша, 2019-2021 жылдары жүргізілген “Жусан” гуманитарлық операциясы аясында 607 қазақстандық елге қайтарылды, олардың арасында әйелдер мен балалар бар.

Операциядан кейін 53 адам лаңкестік әрекеттерге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрлі мерзімге сотталды. Қалғандары реабилитациядан өтті.