Атырау облысының 43 жастағы тұрғыны синтетикалық есірткінің аса көп мөлшердегі дозасын сатумен айналысқан. Күдікті былтырғы маусымда ұсталып, одан 3,5 млн теңгенің есірткісі тәркіленген.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті есірткіні интернет желісі арқылы сатқан.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері өткен жылдың маусым айында Атырау қаласының аумағында интернет желісі және жасырын тығу әдісі арқылы синтетикалық есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сатумен айналысып жүрген 43 жастағы күдіктіні ұстады. Тексеру кезінде күдіктіден 200 доза «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді. Есірткінің құны 3,5 млн-ға жуық теңгені құрады», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі толық дәлелденген.
«Тергеу кезінде күдіктінің Telegram қосымшасы арқылы аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу, сатып алу және сақтаумен айналысатын жұмыс іздеп тапқаны анықталды. Күдіктінің синтетикалық есірткіні пайдаланғаны толық дәлелденді. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 43 жастағы ер адамды 10 жылға бас бостандығынан айырылды», — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Фото: polisia.kz
ПІКІР ЖАЗУ