Шымкенттік әйел 6 бүлдіршінді өрттен құтқарды. Қызыл жалын алған үйге жалаң аяқ кірген батыр әйел терезені сындырып, оларды сыртқа алып шығыпты. Бүгін қалалық төтенше жағдай департаменті Марина Гафарованы көзсіз ерлігі үшін марапаттады, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы otyrar.kz сілтеме жасап.
Шымкент қаласының тұрғыны Марина Гафарова 6 баланы өрттен аман алып қалды. Оқиға 16 желтоқсанға қараған түні сағат екі шамасында болған. Ол балаларын ұйықтатып, есік алдына шыққан екен. Сол сәтте көрші үйде қызыл жалын болып жатқанын көреді. Марина өрт шыққан үйге кіру қауіпті екенін білсе де, терезені сындырып ата-ана қарауынсыз қалған балаларды сыртқа шығарған.
Бүгін 6 бүлдіршінді өрттен құтқарған батыр әйелді қалалық төтенше жағдайлар департаменті көзсіз ерлігі үшін марапаттады. 4 баланың анасы үй ішінде балалар қалғанын білгендіктен, оларды құтқарудан басқа ештеңе ойламағанын айтты.
«Кішкентай он айлық баланың даусын естимін, оны 10 жасар ағасы жанып жатқан жерде қолына ұстап тұр. Қашпаған, бала қорқып тұр. Бізде дарбаза үш метр, содан секіріп, екі баланы дарбазаға дейін алып келдім. Сөйтіп, үйдің ішіне қайта кірсем, түтін, жанып жатыр. Ар жақта газ баллон тұр, ол бірнеше секунд ішінде жарылуы мүмкін. «Кім бар?» деп айғайладым, 12 жасар бала «біз бармыз» деді, сөйтіп оларға терезенің алдына бару керектігін айттым», – дейді Марина Гафарова.
2 баланы жалаң аяқ жүріп құтқарған Марина, газ баллонды көргенде, көмекке жары мен інісін шақырған. Олар екінші терезені сындырып, балаларды сыртқа алып шыққан. Осылайша өрт сөндірушілер келгенше қызыл жалынды өшіруге тырысыпты. Ал басқа көршілерден балаларға алғашқы көмек көрсетуін өтінген. Төтенше жағдай қызметкерлері өрт балалардың отпен ойнау салдарынан туындағанынын жеткізді.
Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығын орынбасары: «Өрт орнына келген кезде жеке тұрғын үйдің бірінші қабатында өрт орын алғаны мәлім болды. Өртті сөндіру, оның салдарын жою мақсатында өртке қарсы қызмет келмей тұрып сол үйдің көршісі Марина деген ханым батырлық танытып, ерлік көрсетіп сол үйден 6 кәмелетке толмаған балаларды құтқарып аман алып қалды. Өрттің шығу себебі балалардың отпен абайсыз болу салдары».
Оқиға орнына 17 қызметкер, 4 техника жұмылдырылған. Төтеншеліктер 4 баланың анасының еңбегін ескеру үшін министрлікке марапатқа ұсыныс білдіріпті. Ал құтқарушылар қала тұрғындарына балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.
Фото: otyrar.kz
ПІКІР ЖАЗУ