Соңғы күндердің басты жаңалығы ҚҚС артуы болып отыр. Эксперт және кәсіпкерлердің пікірі бір арнаға тоғысып, түрлі талқылауларды тудырып отыр. Бірақ біз тек осы мәселені қозғап, былтырғы маңызды өзгерістерді байқамай қалған сияқтымыз.
Мысалы, Қазақстанда енгізілген бөлшек салық (розничный налог) туралы көп адам білмейді немесе бұл тақырыпты мүлдем дұрыстап қозғамаған.
“Менің ойымша, бұл өте маңызды. Қазір де көптеген кәсіпкерлер ҚҚС төлеп жатыр, ал шын мәнінде бөлшек салыққа ауысуға болатын еді», — деп пікір білдірді Ерболат Мұхамеджан.
Бұл салық режимі бизнес жүргізуді айтарлықтай жеңілдетеді. Басында бөлшек салыққа тек сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану және құрылыс салалары енгізілген болатын. Алайда, кейіннен Ақпарат және мәдениет министрлігі Аида Балаеваның ұсынысымен медиа және креативті индустриялар да осы жеңілдетілген салық режиміне қосылды.
Яғни, бұл саладағы компаниялар корпоративті табыс салығын (КТС), қосылған құн салығын (НДС) және әлеуметтік салықтарды төлемейді. Оның орнына бірыңғай салық төлейді: жеке кәсіпкерлер үшін 2%-дан 4%-ға дейін, ал ТОО үшін 8%. Бірақ белгілі бір шарттар бар: компанияның жылдық айналымы 2,2 млрд теңгеден аспауы, ал қызметкерлер саны 200 адамнан көп болмауы тиіс.
«Бірақ мен байқағаным – көп кәсіпкерлер осы мүмкіндікті білмейді немесе оған көшпеген. Тіпті олардың бухгалтерлері болса, олар да білмейді, ескі жүйе бойынша әлі де НДС төлеп жатыр. Бұл көбінесе кәсіпкерлердің өз бизнесін жалғыз жүргізіп, бухгалтер, қаржыгер рөлдерін өздері атқаратындығынан туындайды. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Әр маман өз ісімен айналысуы керек. Бухгалтерия мен салық мәселесін кәсіби мамандарға тапсырған дұрыс», — деді маман.
Сонымен қатар, Ерболат Мұхаметжан медиа, креативті индустриялар, сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану және құрылыс сияқты салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктерді зерттеп, бөлшек салыққа көшу мүмкіндігін қарастыруға кеңес берді.
«Егер сіздің бизнесіңіз осы бағыттардың біріне жататын болса, салық органдарына барып немесе кәсіби кеңесшілермен байланысып, бөлшек салық туралы толық ақпарат алыңыз. Бұл сіздің бизнесіңізді тиімдірек жүргізуге және шығындарыңызды азайтуға көмектеседі»,- деп қорытындылады ол.
Халық мемлекеттің берген мүмкіндігін дұрыс пайдаланып, ол туралы ақпаратты кеңінен алуы керек.
Бөлшек салықтың кәсіпкерлерге берер көмегі қандай?
Қарапайым есептеу жүйесі – кәсіпкерлер айналымынан белгілі бір пайыз төлейді, бұл бухгалтерлік есепті жеңілдетеді.
Салық жүктемесінің төмендеуі – классикалық салық жүйесіне қарағанда, бөлшек салықтың мөлшері төмен болуы мүмкін.
Жеңілдетілген әкімшілендіру – кәсіпкерлер үшін декларация тапсыру және есеп жүргізу оғайырақ болады.
Көлеңкелі экономиканы азайту — кәсіпкерлер салықтық жүктеме азайғандықтан, заңды түрде жұмыс істеуге ынталы болады.
Кәсіпкерлік белсенділіктің артуы – жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына және бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында: ««Бөлшек салықты енгізу жөніндегі бастама өзінің қажеттілігін көрсетті. Оң тәжірибені ескере отырып, Үкімет салықтың қамту аясын екі есеге кеңейтеді», деп атап өтті.
Осыған байланысты бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдану мақсатында қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мәселесі пысықталды.
Айта кетейік, елдегі бөлшек салық арнайы салық режимі ретінде 2021 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін коронавирустан зардап шеккен бизнес өкілдеріне қолдау шарасы ретінде енгізілген еді. 114 түрлі саланың кәсіпкерлері жеке немесе табыс салығынан 3% төледі.
2023 жылдың басынан бастап бөлшек салығы тек қоғамдық тамақтандыру орындарына салынады деп жоспарланған. Алайда сол жылдың наурыз айында арнайы салық режимі заңнамалық деңгейде ұзартылды. Сондай-ақ қызмет түрлерінің саны 190-ға дейін өсті. Мөлшерлемені 4% — ға дейін, ал ЖШС үшін 8%-ға дейін көбейтті.
Салық жалақы шығындарынан артылған айналымға салынады. Табыс 600 мың АЕК-тен аспауы тиіс (2024 жылы бұл 2,2 млрд теңгеден астам), ал қызметкерлер саны – 200 адамнан артық болмауы шарт. Осы шектен жоғары кәсіп иелері ғана ҚҚС төлейді
ПІКІР ЖАЗУ