Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары елордада бас қосады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
2024 жылғы 2-3 сәуірде Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 19-кездесуі өтеді. Алдағы іс-шара Қазақстанның төрағалығымен өтеді және ұйымға толыққанды мүше мемлекет ретінде алғаш рет Иран қатысады. Ұйымның бақылаушы мемлекеттері – Моңғолия мен Беларусь қонақ ретінде шақырылды. Осы кездесу аясында ұйымның жауапкершілік аймағының өзекті халықаралық мәселелері бойынша, оның ішінде «үш зұлымдық күштеріне» (терроризм, сепаратизм, экстремизм), есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа бірлесе қарсы тұру және халықаралық ақпараттық қауіпсіздік бағыты бойынша ынтымақтастық, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты көпжақты бірлестіктер шеңберіндегі одан әрі әрекеттестік бойынша пікір алмасу жоспарланған», — деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, іс-шараның қорытындысында ұйымға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесу хаттамасына қол қою жоспарланған. Онда мүше мемлекеттердің өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша көпжақты әріптестікті одан әрі дамытуға ортақ көзқарастары көрсетіледі.
«Алдағы кездесу тұтастай алғанда қауіпсіздік пен тұрақтылық саласындағы өңірлік әріптестікті қамтамасыз ету бойынша Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келеді және ШЫҰ аясындағы Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығының деңгейін арттыруға, сондай-ақ өңірдегі негізгі әріптестермен сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы тығыз саяси диалогқа бағытталған», — деді Айбек Смадияров.
Фото: ҚР СІМ
ПІКІР ЖАЗУ