Нидерландтық Philips компаниясы қазақстандық ғалымға серіктестікті ұсынды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.
Өркен Мамырбаев дауыстық хабарламаларды мәтінге ауыстыратын қазақ тілінде сөйлеуді тану жүйесін ойлап тапты. Мамырбаев – ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының ғылыми қызметкері.
«Kazak ASR» зияткерлік жүйесі Telegram әлеуметтік желісінде чат-бот ретінде қазірдің өзінде жұмыс істейді. Жоба сонымен қатар танымал нидерландтық Philips компаниясының өнімдеріне біріктіріліп, жақын арада нарыққа шығады деп жоспарланып отыр. Әзірлеме Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруының арқасында әзірленді.
Айта кетейік, Өркен Мамырбаев өзінің ғылыми қызметін мемлекеттік тілді дамытуға арнады. Қазір ол жасанды интеллект пен есептеуіш лингвистикаға қатысты жобалармен айналысып жүр.
«Kazak ASR» дауыстық сигналдарды танып қана қоймай, сондай-ақ оларды мәтінге айналдырады. Әзірленген жүйе Telegram-да чат-бот ретінде жұмыс істейді. Жүйені тексеру үшін дауыстық хабарлама түймесін басып тұру керек. Жазу аяқталғаннан кейін бот сіздің дауыстық сигналдарыңызды мәтінге айналдырады. Сонымен қатар командаммен бірге жиналыс немесе кездесу кезінде қосуға болатын дыбыс жазу құрылғысын әзірледік. Жиналыс аяқталғаннан кейін құрылғы қазақ тілінде хаттама дайындайды», — деп айтты Мамырбаев.
Қазіргі уақытта Philips өнімдеріне қазақ тілінде сөйлеуді тану технологиясын енгізу бойынша құжат әзірленіп жатыр. Ынтымақтастық аясында қазақстандық нарыққа сөйлеуді тану мүмкіндігі бар Philips Smart Mike Duo микрофоны ұсынылады, ол сөзді автоматты түрде баспа мәтініне түрлендіреді. Құрылғы бір уақытта естілетін екі түрлі дауысты тани алады және автоматты түрде мәтінді екі түрлі арнаға түсіреді.
«Philips компаниясы серіктестік пен өнімді одан әрі жетілдіруді ұсынды. Егер алгоритм туралы кезең-кезеңімен айтатын болсақ, алдымен бағдарлама компьютерге жүктеледі. Содан кейін микрофонды қосамыз. Сөйтіп сөйлей бастаймыз. Құрылғы екі түрлі дауысты автоматты түрде таниды және екі бөлікте қазақ тіліндегі мәтінін көрсетеді. Мұндай микрофон ақпаратты мәтін түрінде сақтау қажет болуы мүмкін жиналыстар кезінде хаттамалар толтыру үшін пайдалы», — деп толықтырды ғалым.
ПІКІР ЖАЗУ