Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов анасының пәтер жалдап тұратынын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, анасы үй кезегінде тұрғанмен, кезектің алға жылжитын түрі жоқ.
«Туған апайым мен анам Семейде пәтер жалдап тұрады. Кезек жоғары емес, төмен былай жылжиды. Демалыстың ақшасы түссе осы мәселемен айналысам, пәтердің алғашқы төлеміне көмектесем», — деді депутат.
Сондай-ақ ол достары мен туыстарының оған өкпелі екенін айтты. Себебі, көмек сұрайтындар көп. Ол өзінен түрлі көмек сұрайтындардан бас тартқанын жасырмады.
Оның сөзінше, депутаттық сайлауға түсер кезде, жолын бөгеп 200 мың доллар ұсынғандар да болған.
«Келіссөз жүргізген өзімнің досым. Сайлауға түспей-ақ қойшы деді. Екінші ұсыныс – «өтпей қалсаң шулатпай-ақ қойшы» деді. Ол әлі Amanat-қа келмей тұрған кезім. Сол жерде әңгімелескен кезде бұл әңгіме ешқайда шықпасыншы деді. Ұсыныс болғанын айтамын, бірақ сіздерді айтпай-ақ қояйын дедім», — деді депутат Airan media-ға берген сұхбатында.
ПІКІР ЖАЗУ