Шерзаттың өлімі: «Чика» деген кім және «Хуторлықтар» туралы не белгілі?

фото: Instagram/kris.p.karasai

Шерзаттың өліміне қатысты іс бойынша бүгін сотта оның ағасы Нұрғанат Ғаепбаевтың тергеу кезіндегі сөзі оқылды. Оның айтуынша, қанды түні «Чика» есімді адам «Бастаңдар» деген бұйрық беріп, содан кейін қыздар көліктен пышақ алған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты ORDA порталына сілтеп.

Марқұмның отбасы қорғаушысы Мейірман Шекеевтің сөзінше, жұмбақ “Чика” сотта куәгер ретінде жауап берген.

«Мен нақты айта алмаймын. Тергеу мүддесі. Бірақ оның кім екені бәрібір белгілі болды. Ол күдікті емес, куәгер ретінде қатысуда», – деді адвокат.

Талғар жұртшылығы арасында «Хуторлықтар» деген топ туралы әлі күнге дейін әңгіме айтылады. Шекеевтің айтуынша, бұл атау тергеу барысында құқықтық бағаға ие болмаған.

«Мен оқиға орнына барғанда адамдардан сұрадым. Олар ондай топтың болғанын айтты. Бірақ қылмыстық іс аясында бұл қаралмады», – дейді қорғаушы.

Сол түні күдіктілердің бірі өзін «хуторлықпын» деп таныстырған. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қақтығыс ушығып кетпесін деп қауіптенген, ал Нұрғанат ол топпен бұрыннан таныс болған. Сол себепті Қаржаубай Нұрғанатты шақырып, мәселені бейбіт жолмен шешкісі келген.