Соңғы уақытта Талғар ауданы, Азат ауылындағы трагедияның саясилануы мен оны түрлі мақсаттарға пайдалануға тырысқан әрекеттер жиі байқалуда. Бұл жағдай тек ақпараттық кеңістікте ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пікірді бағыттау мақсатында қолданылып отыр.
Біріншіден, TikTok және Instagram секілді әлеуметтік желілерде арнайы арандатушылық аккаунттар пайда болды. Бұл аккаунттарда тек Шерзат есімімен байланысты материалдар жарияланып, жағдайды шиеленістіруге бағытталған ақпараттық шабуыл жүргізілуде. Жасанды видеолар мен ескі жазбалар манипуляция арқылы жаңа мазмұн ретінде ұсынылып, көрерменнің эмоциялық реакциясын қоздыру мақсат етілген.
Мұндай әрекеттер тек отбасы қайғысын саяси құрал ретінде пайдаланып қоймай, қоғамда дестабилизация жасауға бағытталғанын аңғаруға болады. Кімнің мүддесі екенін анықтау қиын болғанымен, мұндай кампаниялардың артында белгілі бір топтардың тұрғаны анық.
Екіншіден, 16 желтоқсан – қазақ халқы үшін аса маңызды күн. Осы күннің төңірегінде митингтерге шақырған анонимді жазбалар пайда болуда. Ең қызығы, бұл бастамаларды нақты тұлғалар хабарламады. Егер Қазақстанның оппозициялық немесе наразылық қозғалыстары тарихына көз жүгіртсек, әрқашан белгілі жетекшілер белсенді болғанын байқаймыз. Ал бұл жолы – тек анонимді аккаунттар. Бұл жағдайдың шынайылығына күмән тудырады.
Бұл әрекеттер тәуелсіздік күнін саяси дағдарыс құралы ретінде пайдалануға ұмтылысты көрсетеді. Бірақ оның қоғамның шынайы көңіл-күйімен байланысы аз болуы мүмкін.
Ақпараттық кеңістікте «Ескі Қазақстан» деп аталатын саяси элитаның бұрынғы ықпалы туралы әңгімелер қайтадан көтеріле бастады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, қазіргі жүйе, әсіресе заңсыз активтердің мемлекетке қайтарылуы, бұл топтардың ызасына тиеді екен.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың Владимир Путинмен тәуелсіздік күніне дейін кездескені туралы ақпарат Кремль тарапынан ресми түрде жарияланды. Бұл кездесу әртүрлі талдаулар мен болжамдарға негіз болып отыр. Соның арасында журналист Асет Матаевтың пікіріне назар аударарлық. Ол Қазақстандағы ішкі саяси процестерге байланысты нақты деректер мен болжамдарды талдап, «ескі элитаның» әрекеттері мен жаңа саяси құрылымның тұрақтылығына әсері туралы ой қозғады.
Журналист Асет Матаев өз пікірінде бұл жағдайға назар аударып, Кремльдің ресми хабарламасын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «мұндай ақпараттық жарияланымдар жайдан-жай болмайды. Кремль Астанаға белгілі бір месседж жіберген сияқты». Соңғы рет Кремльдің Назарбаевқа қатысты ресми ақпаратты 2021 жылдың 28 желтоқсанында жариялағаны белгілі. Сол кезде Санкт-Петербургте Назарбаев пен Путиннің кездесуі өткен болатын. Осы оқиғадан кейін, 2022 жылдың қаңтар айының басында, Қазақстанда қайғылы оқиғалар орын алғаны белгілі. Мұндай сәйкестіктер көпшілік арасында түрлі болжамдар мен пікірлер туғызуда.
ПІКІР ЖАЗУ