Әлеуметтік желіде бір топ жігіттің уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап жатқаны туралы видео тарады.
CMN_KZ телеграм арнасына келіп түскен видеода Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар күдіктілердің туған күнін тойлап жатқаны бейнеленген. Бейнежазбада олардың бірі торттағы шамды үрлеп өшіріп, екіншісі Алисадан музыка қосуын сұрайды, ал үшіншісі бұл сәтті видеоға түсіруде. Қазір Алматы облысының полиция департаменті аталмыш факт бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр.
Бұл жағдай көпшіліктің, соның ішінде жәбірленуші тараптың қорғаушыларының наразылығын тудырды. Адвокаттар тиісті өтініштерін беріп, “егер заң мен тәртіп сақталмаса, оның қажеті қандай?” деген сұрақ қойды.
«Күдіктілердің изоляторда отырып, туған күн тойлап жатқаны туралы видео келіп жатыр. Біз бұл мәселе бойынша Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға, Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жолдадық», – деп хабарлады Саида Тәуекелова.
Адвокат Ерлан Адаев бұл жағдайға қатысты былай деді:
“Бұл – қоғамның, құқықтық жүйенің және біздің бетімізге түкіру. Бұл адамдар заңның да өз бағасы бар екенін көрсетіп отыр. Ақшаң болса, кез келген жазаның құнын төлеп, рақаттанып отыруға болады деген ой қалыптасты. Біз мұнда ІІМ-нің жемқор қызметкерлері ауыр қылмыс жасаған күдіктілерге барынша жайлы жағдай жасап бергенін көріп отырмыз. Видеодағы адамдардың тоқ әрі жайбарақат жүздерінен қылмысы үшін өкінгенін немесе кінәсін сезінгенін көрмедім. Керісінше, олар бүкіл әрекетімен өздерін барлық шектеуден жоғары санайтынын, тіпті бұл жағдаймен мақтанатынын байқатты. Бұл – нағыз бассыздық.
Біз, Шерзат Болаттың отбасы атынан, ҚАЖК мен ІІМ-нің барлық жауапты қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартып, қатаң жаза қолдануды талап етеміз”.
Ал Алматы облыстық полициясы бұл іске қатысты тексеріс басталғанын хабарлады.
«Бұл құқық бұзушылыққа жол берген барлық тұлғалар, соның ішінде басшылық қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданды», – делінген ресми хабарламада.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Алматы облысы, Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімімен аяқталған қайғылы оқиға орын алды. Ол әкесінің азық-түлік дүкенінде жұмыс істеп жүргенде, тұтынушымен жанжал шығып, кейін бұл жанжал төбелеске ұласқан. Тұтынушы достарын шақырып, олар екі көлікпен келіп, қарулы шабуыл жасаған. Нәтижесінде, Шерзат пышақ жарақатын алып, ауруханада қайтыс болды.
Оқиғадан кейін, 12 қазанда, Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Үйдің сыртынан канистр мен резеңке қолғап табылған.
Қаңтар айында 16 жастағы Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша тергеу аяқталды. Қазіргі таңда іске қатысы бар 11 күдікті тергеу материалдарымен танысып жатыр. Тергеу барысында күдіктілерге Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды.
Бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның отбасы кінәлілердің барлығын заң бойынша қатаң жазалауын талап етуде.
ПІКІР ЖАЗУ