Шавкат Рахмоновтың жекпе-жегі неге мемлекеттік телеарналардан көрсетілмеді

Фото: Steve Marcus/Getty Images

Qazsport телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың ирландиялық Иэн Гэрриге қарсы жекпе-жегі неге мемлекеттік телеарналардан көрсетілмегенін түсіндірді. Бұл туралы Бақытбеков Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

8 желтоқсанда Шавкат Рахмонов Лас-Вегастағы (АҚШ) UFC 310 турнирінде ирландиялық файтер Иэн Гэрриді жеңген еді.

«Бұл жекпе-жекті қазақстандық телекөрермендер мемлекеттік телеарналардан емес, түрлі шетелдік платформалардан көрді. Сонымен, неге біздің арналарымыз қазақстандық файтерлердің жекпе-жегін көрсетпейді? UFC өткізетін аралас жекпе-жек (ММА) бәсекелерін Қазақстан аумағында трансляциялау құқығы «Setanta Sports» компаниясына тиесілі. Айта кетерлігі, UFC жекпе-жектерді көрсету құқығын тендер аясында алдын ала бірнеше маусымға сатады. Сонымен қатар, UFC, мысалы, қазақстандық жауынгерлердің қатысуымен өтетін жекелеген жекпе-жектерді көрсету құқығын сатпайды.

Qazsport телеарнасы қалыптасқан жағдайдан шығудың жолын табуға тырысты және құқық иесіне Рахмоновтың жекпе-жегін мемлекеттік телеарна эфирінде көрсету туралы ұсыныс жасады. Алайда, «Setanta Sports» жекпе-жекті тек өзінің қазақстандық кабельдік теледидарында, оның ішінде өзінің қосымшасында көрсетуге ниет білдірді. Осылайша, Qazsport телеарнасы Рахмоновтың Гэрриге қарсы жекпе-жегін көрсете алмады», — деп жазды Нағи Бақытбеков.

Еске салайық, Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров жекпе-жек алдында шәкіртінің денсаулығы сыр бергенін айтқан еді.