Боксшы Жанқош Тұраровтан зорлық-зомбылық көрдім деген Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова әлеуметтік желідегі парақшасында осы іс жайлы тың мәлімет жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеп.
«Тәуелсіз сараптама жасалды. Қорытынды қолымызда. Ал тергеу тағайындандаған сараптама әлі дайын емес. Тергеушінің іс-әрекетіне Қылмыстық -процестік Кодекстің 105-бабына сәйкес, прокуратураға шағым түсірдік. Іс қазір прокуратурада. Әуезов аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Д.Сағымбеков 20-тамыз күні екі тарапты беттестіру кезінде өрескел процессуалдық қателіктерге, яғни заңсыздықтарға жол берген. Атап айтқанда, жәбірленушіге құқықтары, яғни адвокат алу құқығы бар екенін айтпаған. Тіпті, беттестіру болатынын да ескертпей, «келіп кетіңіз» деп шақырып алған. Ал екінші тарап екі адвокатымен келген», — дейді Ләззат Ахатова.
Оның айтуынша, тергеуші тарапынан Әнаруға моральдық қысым жасалған.
«Сөздері мен әрекеттерінен Тұраровқа болысып, «сені зорлаған жоқ қой, өз еркіңмен болдың ғой» деп, қайта-қайта айтып, сол сөзді қостырған. Дене жарақаттарын сот-медициналық сарапшысы линейкамен өлшеп, тексерген. Ал тергеуші дене жарақаттарым жоқ деп айтқызған. Хаттама соңындағы Әнару жазған қисық жазулардан-ақ қолдары дірілдеп, қысым үстінде жазған адамның жазуы екенін аңғару қиын емес. Одан өзге, жәбірленушіге 25 сұрақ, ал Тұраровқа 1-ақ сұрақ қойғандығы, арызданушының әр уәжін күдіктіден сұрап, нақтыламағаны, оның жауабын тексермегені де тергеу амалының біржақты өткенін дәлелдеп тұр. Беттестіруді бейнетаспаға түсірмегені де осыны айғақтап тұр», — дейді адвокат.
Ахатованың айтуынша, осы аталғандар негізінде 20-тамыз күні өткен беттестіру хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жойып, қайтадан жәбірленушінің адвокаттарының қатысуымен беттестіру және қосымша жауап алу туралы талап қойған.
«Әнаруды қорғаушы тарапқа тағы бір адвокат қосылды. Ұзақ жылдар тергеу саласында істеген, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, білікті маман Айлан Ескеров мырзамен бірігіп, жұмыс істеп жатырмыз. Тағы да көмектесеміз деген қорғаушылар аз емес. Әзірге екі қорғаушымен шектеліп отырмыз. Біздің елде әділдік орнамай, сыбайлас жемқорлықтар орын алса, адам, әйел құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жұмыс істейміз. Президентке, Парламент депутаттарына Үндеу жасаймыз. Алмалы аудандық полиция бөліміне Әнарудың 2018 жылы Ж.Тұраровтың үстінен зорлау фактісі орын алғаны туралы арызын архивтен көтеру туралы адвокаттық сұрау жолданды», — дейді ол.
Ләззат Ахатованың айтуынша, Жетісу аудандық полициясының қызметкері тарапынан орын алған азаптау фактісі бойынша Ә.Құрманәлінің 2023 жылғы жазған арызы бойынша сұрау жолданған.
«Жауаптары әлі келген жоқ. Қысқаша атқарылған іс-шаралар жөнінде ақпарат осы. Қоғам оянып келеді. Әуезов жазған қорғансыздың күні біздің заманда өзекті екеніне Әнару ісі дәлел. Әнарудың тағдыры — көптеген қазақ қыздарының тағдыры, іштерінде тұншығып жатқан қайғы-мұңы. Қазақ азаматы қарындастың ары үшін атқа қонып, жауға да шапқан заман артта қалса керек. Аға деп алғаусыз, таза көңілмен сенген еркексымақтардың көпшілігінің (бәріне топырақ шашпаймын, қазақта азамат атына лайық ерлер көп) бет-бейнесі-Жанқош іспеттес. Бұл іс қоғамның жарылуға шақ тұрған іріңін ашқандай болды. Қолдауларыңызға мың алғыс. Қанша телеарналардан, БАҚ-тардан хабарласып, ақпараттық қолдау көрсетуге дайынбыз деп жатқан журналистер қауымына, қыз тағдырына бей-жай қарамайтын барша жанашыр жандарға мың-миллион алғыс», — дейді Ләззат Ахатова.
Естеріңізге салайық, танымал боксшы Жанқош Тұраров мені зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманәлиева Azattyq Rýhy редакциясын сұхбаттасуға шақырып, боксшыны неше жылдан бері білетінін, онымен алғаш рет қалай танысқанын және Жанқош Тұраров 6 жылдан бері не деп алдап келе жатқанын айтып берген еді.
21 тамызда әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраров Әнару Қалдыбекті зорлады деген ақпарат тарады. Алматы қаласының полициясы мұны растап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Осыдан кейін Әнаруды бір ай бұрын белгісіз біреулер Қонаев қаласында зорлағаны туралы қауесет тарады. Оқиға төртінші шілде күні болған. Қыз полицияға өзі арызданған.
ПІКІР ЖАЗУ