Тоқаевтың бұрынғы баспасөз хатшысының Абай облысы әкімі ретіндегі алғашқы ұсыныстарының бірі — жаңа аттракцион орнату және балалар теміржолын ұзарту. Алайда бұл идея қоғамның өткір сынына ұшырап жатыр. Бюджет тапшылығын ескерсек, аталмыш идея ақылға қонымсыз дейді журналист Асхат Ниязов.
Еске сала кетсек, Берік Уәли Абай облысын басқаруға бір апта бұрын ғана кірісті. Өңірлік әкімдік сайтына қарағанда, ол қазірдің өзінде белсенді жұмысқа кірісіп, нақты ұсыныстарымен бөлісіп жатыр.
Жергілікті қоғамдық орындарды аралау барысында Уәли Семейде жаңа 50 метрлік шолу дөңгелегін орнатуды ұсынды. Жаңа әкімнің пікірінше, ол семейліктердің сүйікті демалыс орындарының бірі — Бейбітшілік аралында салынуы керек.
«Бейбітшілік аралы — семейліктердің сүйікті демалыс орындарының бірі. Бұл жерге қала қонақтары да жиі келеді. Сондықтан мұнда биіктігі кемінде 50 метр болатын, жыл бойы жұмыс істейтін шолу дөңгелегін орнату қажет», — делінген әкімнің баспасөз қызметінде.
Сондай-ақ, өңір басшысы жаңартылған полиция және медициналық бекеттер орнатуды тапсырды. Бұдан бөлек ол аралдағы балалар теміржолын ұзартуды да жоспарлап отыр.
Саябақтарды аралау Берік Уәли атқарған алғашқы жұмысы емес. Бұдан бұрын өңір басшысы Абай ауданын аралап, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына дайындық барысын тексерді. Бұдан бөлек, әкім ірі кәсіпорындарды аралап, тасқын қаупі жоғары жерлерді тікұшақпен аралап шыққан.
Бюджет тапшылығы кезінде жаңа әкімнің бұндай ұсыныстарын «ақылға қонымсыз» деп санаған журналист өткір пікір білдірді.
«Болды. Енді Семей көркейеді. Бюджет ақшасы осындай идеяларын жүзеге асыруға жететінін түсінуіне жаңа әкімге бірнеше ғана күн қажет болды. Бәрекелді!», — деді Асхат Ниязов.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру