Бүгін, 10 ақпан Жетісу облысында жастар арасында «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен Қазақстан Республикасының XIV чемпионаты басталды. Спорттық іс-шара 12 ақпанға дейін жалғасады.
Чемпионатқа қатысуға Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Абай, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының жастары ниет білдірген. Жарысқа қатысатын 100-ге жуық құстың қатарында ителгі, қаршыға және бүркіт бар.
Естеріңізге сала кетейік, Құсбегілік ұлттық спорты қазақ тарихында тамыры тереңге тараған еліміздің төл мәдени құндылығы болып саналады. Қазақ ұлтының дәстүрлі салт-санасымен етене байланысып, бүгінгі таңда бізге қаз-қалпында жеткен аталған ұлттық спорт түрін болашақ ұрпаққа жеткізу – елім деген әрбір азаматтың міндеті әрі борышы.
Құсбегілік ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұйрығымен ұлттық спорт түрі ретінде танылған сәттен бастап 7 мемлекеттің қатысуымен 1 рет Әлем чемпионаты, 2 рет Азия чемпионаты (5 мемлекет), 40-қа жуық халықаралық турнир мен 15 рет Қазақстан Республикасының чемпионаттары ұйымдастырылды. Аталған спорт түрі Астана, Алматы қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде тұрақты дамып келеді.
Чемпионатқа қатысты ақпарат «Құсбегілік» федерациясының Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланатын болады.
Өтетін орны: Жетісу облысы, Ескелді ауданы, «Тау Жетісу» демалыс аймағы
Чемпионаттың бағдарламасы қоса беріліп отыр.
ПІКІР ЖАЗУ