Қазақстанда «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, оқу-сауықтыру орталығы қайта құрылады, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
«Ашық НҚА» порталында оқу-ағарту министрінің тиісті қаулысының жобасы жарияланды.
Құжатта «Бөбек» орталығы енді “Үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық ғылыми-практикалық орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпорынына айналатыны айтылған.
Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты инклюзивті білім беруде мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейлеріндегі білім беру ұйымдарын ғылыми-зерттеу қызметі мен әдістемелік қамтамасыз ету.
Құжаттың негіздемесінде «Білім туралы» заңға сәйкес мемлекет инклюзивті білім берудің мақсаттарын іске асыра отырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға білім алудың, дамуындағы ауытқуларды түзетудің барлық деңгейінде әлеуметтік бейімделуінің ерекше жағдайларын қамтамасыз етеді деп көрсетілген. Осыған орай, Білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2029 жылға қарай 100 пайыз (мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік) білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау көзделген.
«Бөбек» орталығының сайтында орталықтың 1997 жылы 5 қарашада Сара Назарбаеваның бастамасымен сол кездегі білім және ғылым министрлігінің құрамында “Республикалық балаларды сауықтыру және оңалту орталығы” ретінде құрылғаны жазылған. Екі жылдан кейін үкімет қаулысымен орталық білім және ғылым министрлігінің «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталығы болып өзгертілген.
ПІКІР ЖАЗУ