Samruk-Kazyna Construction мерзімдерді кешіктіріп, отандық өндірушілерді елемей отыр ма?

Фото: Самұрық Қазына баспасөз қызметі

Қазақстанда EPC-келісімшарттарын жасасу кең таралған тәжірибеге айналды. Мұндай келісімдерде барлық сатып алу міндеттемелері мердігерге жүктеледі. Алайда бұл тәсіл ірі инфрақұрылымдық жобаларда жергілікті өндірушілердің мүдделеріне қайшы келіп, оларды шеттетуге алып келуде.

Мысалы, Түркістандағы қуаттылығы 1 ГВт болатын бу-газ қондырғысын (ПГУ) салу жобасында қазақстандық өндірушілер тағы да кедергіге тап болды. Тапсырыс беруші кабельдік науаларға арналған NEMA сертификатын талап етті – бұл негізінен АҚШ нарығына тән стандарт. Бұл жерде инновациялық технология емес, қарапайым кабельдік науалар туралы сөз болып отырғанын ескерсек, мұндай талаптың қаншалықты негізді екені күмән тудырады. Аталған сертификатты алу үшін кемінде алты ай уақыт пен шамамен 50 мың доллар қажет. Соның салдарынан жобаның мердігері – оңтүстіккореялық Doosan компаниясы бұл өнімді қазақстандық өндірушілерді айналып өтіп, кореялық жеткізушіден сатып алуды ұйғарды.

Осындай жағдай бұған дейін де болған. Қызылордада қуаттылығы 240 МВт болатын ПГУ құрылысында түркиялық Aksa Energy кабельдік науаларды Түркиядан сатып алған. Бірақ ол жоба жеке инвестордың қаражатына жүзеге асырылды. Ал Түркістандағы ПГУ құрылысы «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорының қаржыландыруымен жүргізіліп жатқандықтан, мемлекеттік қаражаттың шетелдік өндірушілерге бағытталуы заңды сұрақтар туындатады.

ENERGY MONITOR мәліметінше, мемлекеттік қаржыландырумен іске асатын жобаларда қазақстандық өндірушілердің шеттетілуі жүйелі мәселеге айналып отыр. Бұл жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін азайтып қана қоймай, жалпы ұлттық өнеркәсіптің дамуына кері әсерін тигізеді.

Туындайтын сұрақ: «Samruk-Kazyna Construction» мемлекеттік қаржы есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаларда отандық өндірушілерді қолдауды неге басымдыққа алмайды? Мемлекеттік қаражат жұмсалып жатқандықтан, мердігерлерге қазақстандық компаниялармен жұмыс істеу міндеттелуі тиіс емес пе?