Он күн бұрын Олжас Бектенов алпауыт құрылыс компанияларына сес көрсетіп, салық төлемесеңдер “құрылыстан” да жұмыс таппай қаласыңдар деп қатты айтқан еді. Екі апта ішінде есеп-қисаптарыңды әкеліп, кінәларыңды мойындаңдар деген. Жұрт бұл ретте екіге бөлінді. Бірі ақтауға кіріссе, қалғандары Базис пен BI-ға тіпті үкімет басшысының де пәрмені жүрмейді деп жорамалдаған. Енді бірнеше күн бойы талқыланып жүрген сұраққа құрылыс компаниясы басшысының өзі нүкте қоюға шешім қабылдаған сияқты.
Бүгін танымал меценат, кәсіпкер Айдын Рақымбаев салақұлаш пост жазып, Үкімет басшысының айтқандарын теріске шығарды. Айтуынша, оның компаниясы Қазақстандағы ең ірі салық төлеуші он компания қатарына кіреді.
«2022-2024 жылдары 155 млрд теңге салық төледік. Алдағы уақытта оны 250 млрд теңгеге жеткізсек деген жоспарымыз бар”, -дейді BI-дың қожайыны.
Айдын Рахымбаев ақталған жазбасын желідегі парақщасында жасады.
«Құрметті серіктестер, клиенттер және менің оқырмандарым!
Өткен аптада BI компаниясының төленбеген салықтары туралы мәселе күн тәртібіне шықты. Алдағы күндері бұл жөнінде ресми ақпарат жарияланады, бірақ қазірдің өзінде кейбір жайттарға анықтық енгізгім келеді. Бір апта бойы Қаржы министрлігі мен Үкіметте кездесулер өтті, біз қалыптасқан жағдайды және құрылыс саласында қордаланған мәселелерді қарастырдық. Алғашқы ақпаратта нақты емес тұжырымдар болғаны және оның басшылыққа қате жеткізілгені белгілі болды.
Анықталғандай, салық жүктемелерінің көпшілігі BI-дан төлем алатын әрі арнайы салық режимін қолданатын біздің мердігерлерге қатысты болған. БАҚ-та аталып өткен 11,9 млрд теңге — бұл біз төлемеген салық мөлшері емес, бұл сома BI-мен жұмыс істеген шағын компаниялардың жалпы ақша айналымы болып отыр. Осы айналымдағы ақшадан салық мөлшері есептелуі тиіс. Ал, бұл өздеріңіз түсініп отырғандай, мүлдем басқа сома.
Кез келген құрылыс холдингі сияқты, біз де әртүрлі кәсіпорындарға мердігерлік жұмыстарды тапсырамыз, сондықтан олардың қызметі мен қаржылық айналымы бізбен байланыстырылатыны анық. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе бұл мәселені шешу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Осындай келеңсіз жағдайлар біздің беделімізге нұқсан келтіреді. сондықтан бұндай жағдайдың қайталануын қаламаймыз. Бұл сала ашық талқылануы тиіс. BI Group Қазақстандағы жеке компаниялар арасындағы ең ірі 10 салық төлеушінің қатарына кіреді. Біз ірі бизнес ретінде ел экономикасына қосатын үлесіміз зор. Мысалы 2022-2024 жылдары біз бюджетке шамамен 155 млрд теңге салық төледік, ал алдағы үш жылда бұл соманы 250 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деп ақталды Айдын Рахымбаев.
Ірі компания басшысының мәлімдемесі қоғамда әртүрлі қабылданды. Журналист Диас Нұрақын былай деп пікір ілдірді.
«Қысқасы, кесем десеңдер кесіп алыңдар, ақиқатым осы деп азуын көрсетті Айдын Рақымбаев. Ал, үкіметте үн жоқ. Бектенов бүкіл ел алдында Базис пен BI-ды бекерге атаған жоқ. Қос алпауытқа қатысты қолында нақты деректер болғасын қатқыл сөйледі деп ойлаймын. Немесе жанындағы жандайшаптары жалған ақпарат беріп, Абайұлын адастырды. Мұндайда ірі компаниялардың беделіне кірбің түсіргендер “подрыв репутаций, жалған ақпарат тарату” сияқты қарапайым халыққа қолданылатын баптар бойынша жауап беруі керек. Немесе құрылыс компанияларының былығын бұқпантайламай жариялау керек. Үкімет пен олигополия арасындағы есеп әзірге 1:1. Келесі раундты кім алар екен?», — деп жазды ол.
«Есептілікті сайтқа, депозитарийге жариялауға кім кедергі? BI Group ашықтық, шынайылық принципін ұстанбағандықтан, «неге біз туралы Премьер-Министр айтып жатыр, неге тізімге қосқан?» деп таң қалудың қажеті шамалы», — деді ол.
«Біздегі салық реформасы осындай «лазейкалардың» бәрін жаппақ. 2026 жылдан бастап BI Group сияқтыларға жұмыс істеу қиын болады», — деп болжады маман.
ПІКІР ЖАЗУ