Салық реформасы Ұлттық қордың қаражатын тұрақты пайдалану тәжірибесін тоқтатады — сарапшы

Фото: ЖИ

Бурабайда өткен бесінші Ұлттық құрылтайда ел басшысы ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салықтық реформаға тоқталды. Президенттің пікіріне үңілсек, салықтық реформа – әлеуметтік әл-ауқатқа арналған инвестиция.

“Салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйенің негізі. Егер бюджетте қаражат болмаса, мемлекет өз функцияларын, соның ішінде әлеуметтік міндеттемелерін толық орындай алмайды. Азаматтарға ел дамуы үшін аса қажетті шешімдердің мәнін жан-жақты түсіндіру маңызды. Барлық адамдар экономика мен қаржы саласын жетік білмейді, сондықтан мемлекет қабылдап жатқан шаралардың мәнін бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сол себепті әрбір адамға реформалардың мағынасын қарапайым тілмен жеткізу қажет”, — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы салық реформасына қатысты позициясын жеткізгенін еске салды. Және қабылданып жатқан шаралар дұрыс екенін алға тартты. Үкімет шешім қабылдауда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторларды ескеретінін атап өтті.

Бұдан бөлек ел басшысы салық реформасын жаңа экономикалық саясаттың іргелі бөлігі екенін мәлімдеді. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру елге жүктелген әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру үшін маңызды екенін ескертті.

“Қоғамда қосылған құн салығы мөлшерлемесін көтеру қажеттігі туралы түсінік қалыптасты. Алайда ұсынылып отырған шараларға, әсіресе ҚҚС бойынша, әлі де сын айтылып жатыр. Бірақ мұндай пікірлер шынайы жағдайды ескермейді. Әлемде әртүрлі себептермен үлкен әлеуметтік міндеттемелерді мойнына алмайтын мемлекеттер бар. Ал Қазақстанда әлеуметтік сала бюджетінің жартысынан астамын құрайды. Біздің мемлекетіміз – әлеуметтік бағыттағы мемлекет, сондықтан біз білім беру мен денсаулық сақтау саласына инвестиция салуды жалғастырамыз, бұл – біздің конституциялық міндетіміз”, — деп баса айттты Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұл ретте Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру жөніндегі ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, бұл өзгеріс Ұлттық қор қаражатын қысқартуға мүмкіндік беретін әдіс.

«Еңбекке жарамды ел тұрғындарын және кәсіпкерлерге салық мөлшерлемелерін арттыру орынды шешім. Өйткені бұл болашақ үшін үлкен қауіпсіздік қорын қамтамасыз етеді», — деп атап өтті төраға.

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов те ҚҚС мөлшерлемесін көтеру туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, бұрынғы ұсынылған 20 пайызға қарағанда қазіргі ұсыныс қолайлы нұсқа.

«Әрине, бизнеске қалайша әсер етеді деген сұрақты уақыт көрсетеді. Себебі ол тікелей компаниялар мен кәсіпкерлердің жаңа жағдайға бейімделу қабілетіне байланысты», — деп атап өтті сарапшы.

Сондай-ақ, ол ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі бюджетке қосымша қаражат түсіріп, маңызды инфрақұрылымдық жобалар мен қайта құру жұмыстарын қаржыландыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ozgeris.info тілшісі экономист сарапшылардың пікірін негізге алып, ҚҚС мөлшерлемесінің артуы ел экономикасына қандай пайда әкелетінін саралап көрді.

Сарапшы Эльдар Шамсутдинов салық реформасына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, салықтық өзгерістер мақсат емес – құрал. Яғни бюджетті жауапты басқару және егемендіктің тұрақтылығына әкелер жол.

«Салық мәселесі қоғамда әрқашан түрлі пікірлер қақтығысын тудырады. Көпшіліктің қарсы болуы да түсінікті жағдай. Кез келген қоғамда салықтың өсуін сынау тек риторика емес, бұл мемлекеттік шығындарды қоғамдық бақылаудың маңызды элементі болып табылады», — деді ол.

Бұл ретте сарапшы салық саясатына деген көзқарасын білдіретін нақты мысал келтірді.

«Елімізде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешуге рұқсат етілген кезде, менің бір танысым бұл шешімге қарсылық білдірген. Сол кезде мен оның жинақ сомасын сұрадым. Белгілі болғандай, оның шотында мардымсыз сома жинақталған екен. Әрине, оның шешіп алатын қаражаты жетпеді. Соған қарамастан қарсылық білдіруін тоқтатпады.Бұл жағдай салық реформасына қатысты пікірталастарда жиі рационалды есептен гөрі эмоция басым болатынын керемет көрсетеді», — деді ол.

Сарапшының пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру айтарлықтай фискалдық әсерге әкелуі мүмкін  және бұл ұлттық валютаның тұрақтылығына оң әсер етеді. Сәйкесінше, ол Ұлттық қордың ақшасын пайдалануды қысқартуға мүмкіндік береді.

«Сондықтан салық реформасы туралы айтар болсақ, мәселені тікелей емес, кеңірек мағынада қарастыру керек. Бюджетті теңестіру үшін Ұлттық қор жүктемесін азайту үшін қандай шара қолдана аламыз? Міне осы сұрақты талқылау керек. Себебі Ұлттық қор ол тек жинақ қоры емес, бұл елдің төлем қабілеттілігінің негізгі элементі. Егер шетелдік инвесторлар біздің ұлттық қор ақшасын оңды-соңды шашып жатқанымызды білсе, Қазақстан сенімді қарыз алушы ретіндегі мәртебесінен айырылады. Ең сорақысы егемендікке қауіп төндіретін қарыз дағдырысына алып келеді», — дейді маман.

Үкіметтің бағалауы бойынша, қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 4 пайызға арттыру бюджетке шамамен 3 трлн теңге қосымша түсім әкелмек. Сонымен қатар, қосымша кірістердің өсуін қамтамасыз ету үшін өтемдік шаралар қарастырылған. Сарапшы Bank of America талдаушыларының пікіріне сүйене отырып, салық-бюджет саясатын қатаңдату болашақта теңге үшін оң фактор әкелетінін жағымды болжам деп түйіндеді.

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов жұмыс тобының отырыстарына басынан бастап қатысып келеді. Халық қалаулысы Президенттің ұстанымын қолдайтынын атап өтті. Яғни, салықтық түсімдерді ұлғайту қажет дейді. Себебі бюджеттегі олқылықтарды толтыру үшін Ұлттық қордың қаражатын тұрақты түрде пайдалану тәжірибесін доғаратын уақыт келді. Дегенмен, кәсіпкерлерге кері әсерін тигізетін арнайы салықтық режимнен толықтай бас тарту сияқты радикалды шараларға жол беруге болмайды.

«Егер біз қазір “жоқ, сіздерге болмайды, барлығыңыз ҚҚС-қа өтесіздер, бухгалтер жалдаңыздар” десек, бұл коллапсқа әкеледі. Онсыз да елде бухгалтерлер жетіспейді. Болашақта адамдардың көлеңкелі экономикаға кету қаупі бар. Біз бұған жол бергіміз келмейді, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мен тиісті түзетуді енгіздім, ол қазір Үкіметтің қарауында. Қорытынды келгеннен кейін біз шешім қабылдаймыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов.

Яғни, қазіргі таңда ҚҚС мәселесінен бөлек, депутаттар барлық шағын бизнес түрлерін жеңілдетілген декларация негізіндегі Арнайы салық режиміне енгізу және заңды тұлғаларға (B2B) сату мүмкіндігін сақтау жөніндегі түзетулерді қолдау мақсатында жұмыстар атқарып жатыр. Депутаттың сөзінше, бұл қадам көптеген адамның өмірін және кәсібін жеңілдетеді.

«Жаңа жеңілдетілген салық режимінде біз барлық шағын бизнес түрдеріне жұмыс істеуге рұқсат беруді ұсынамыз. Әзірге бұл тек 40 қызмет түрін қамтиды. Яғни, ҚҚС шегінің төмендеуінен көлеңкелі бизнес немесе тіпті жабылу қаупін азайту үшін сұлулық салондары, интернет-сауда, жүк тасымалы мен такси, фитнес-орталықтар, моншалар, дәріханалар, креативті индустрия, жалға берушілер, балалар үйірмелері мен балабақшалар және тағы да жүздеген кәсіпкерлік салаларына жеңілдік беруді талап етудеміз», — деп атап өтті депутат.

Бүгінде елде 2 миллион кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олар 4,5 миллион адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, салық төлеушілердің қызметін реттейтін құжатқа аса жауапкершілікпен қарау қажет.


Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
97-летний кардиолог: Если давление выше 130\90, выпейте 2 ложки…
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Девушка из г Колумбус опозорилась на всю Беларусь! Видео ошеломит
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Танец на выпускном взорвал сеть: смотреть без детей