Ozgeris.info тілшісі қаржы сарапшысымен сұқбаттасып, салық реформасы халықтың қалтасына қалай әсер ететінін анықтап білді.
Елімізде қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өсуі халық арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл өзгеріс азық-түлік пен қызмет бағасының қымбаттауына әсер етіп, әсіресе аз қамтылған топтарға ауыр тиюі мүмкін деген пікір қалыптасты.
Салық реформасы халыққа қалай әсер етеді?
ҚҚС 12%-дан 16%-ға көтерілуі ең алдымен мемлекеттік бюджетті нығайтады. Сонымен қатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды көздейді. Бұл экономикалық тұрғыда қажетті шара. Себебі ҚҚС — бюджет кірістерінің маңызды бөлігі болып саналады. Салықтық түсімдердегі оның үлесі 42%-дан асады. Сарапшылар ҚҚС шекті шегінің төмендеуі шағын бизнеске қосымша жүктеме артып, көлеңкелі экономиканың өсуіне себепші болуы мүмкін екенін айтып келеді.
Кәсіпкерлер мен шағын бизнеске әсері жайлы бәріне белгілі. Тіпті пікір алмасып, қоғамдық талқылау да жетерлік. Ал қарапайым халықтың жағдайы не болады?
Экономист Айбар Олжаев бізге берген сұқбатында қосылған құн салығының өсуінен қымбатшылық болады деген пікірмен келіспеді.
«ҚҚС көтерілуінен азық-түлік қымбаттайды деп айтуға әлі ерте. Сондай-ақ отандық азық-түлікке қосылған құн салығы қосылмайтынын ескерген жөн. Өздеріңіз білесіздер, өзіміздің ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірушілерінің барлығы босатылған. Тек импорт, яғни сырттан келетін тауарларға қосымша құн салығы қосылады. Бұрын 12 пайыз болса, қазір 16-ға өседі, арасы небәрі 4 пайыз. Сондықтан қатты қорқатындай қымбатшылық болады деп ойламаймын. Дегенмен түзетулер болады, белгілі бір қызмет түрлері егер бұрын ҚҚС төлемесе, енді 16 пайызға өседі деп есептеуге болады», — деп жауап берді бізге сарапшы.
Еске салайық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 19 түрлі өнім кіреді. Олардың қатарында ұн, нан мен макарон өнімдері, тұз, І санаттағы жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс және сары май, сиыр еті мен тауық еті, сүт, айран және ірімшік бар. Сондай-ақ бұл тізімге кейбір көкөніс түрлері – картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат енеді.
Яғни, бұл күнделікті тұтынуға арналған, халықтың тұрмысы үшін ең қажетті азық-түлік түрлері. Сондықтан олардың қымбаттауы халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты, Серік Жұманғарин үкімет осы тізімдегі өнімдердің бағасын бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Әлеуметтік осал топтары зардап шегеді ме?
Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдіевтің пікірінше, табысының жалғыз көзі – әлеуметтік жәрдемақылар болып отырған қазақстандықтар жаңа Салық кодексі қабылданған жағдайда қиындыққа тап болуы мүмкін.
«Қоғамда ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі бағаның қымбаттауына әкеледі деген алаңдаушылық бар. Осыған байланысты Үкімет әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған өтемақы тетіктерін қарастырып отыр ма деген орынды сұрақ туындайды. Мәселен, мүгедектік бойынша зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақыларды кезектен тыс арттыру, өзге де әлеуметтік қорғау шаралары көзделе ме? Ертең дәрі-дәрмек қымбаттайды, оның салдарынан кім зардап шегеді? Әрине, табысы шектеулі, зейнетақыға қарап отырған азаматтар зардабын тартады», – деп сұрақ қойған еді.
Біз де осы сұрақ бойынша сарапшының пікірін сұрадық. Оның айтуынша, қарапайым халық қымбатшылықты қатты сезінбесе де, аз қамтылған топтар ерекше зардап шегуі мүмкін.
«Сөзсіз, салық реформасы аз қамтылған топтарға қиындығын алып келеді. Жалпы, қымбатшылықтан ең бірінші зардап шегетін осы әлеуметтік аз қамтылған азаматтар. Сондықтан Үкімет бір жағынан ҚҚС-ті көтере отырып, екінші жағынан осы әлеуметтік осал топтарға арналған «адресті» көмекті күшейтуі керек», — деп жауап берді Айбар Олжаев.
Ал Серік Жұманғарин әлеуметтік осал топтар бағаның өсуін сезбейді деп сендіріп отыр.
«Бізде инфляция жыл сайын болып тұрады, оның өсуі қалыпты жағдай. Барлық әлеуметтік төлемдер заңнамалық актілерге сәйкес индекстеліп отырады. Сондықтан ешнәрсе өзгермейді. Ал әлеуметтік осал топтарға келсек, оларды қамтитын цифрлық отбасы картасы бар, мемлекет оларды бақылауда ұстап отыр. Тарифтердің өсуіне байланысты арнайы тұрғын үй көмегі қарастырылған, жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені назарда ұстайды. Сондықтан өз бетінше төлем жасауға мүмкіндігі жоқ азаматтар бағаның өсуін сезінбейді», – деді министр.
Қымбатшылық болса, бағаны тұрақтандырудың балама жолдары қандай?
Қаржы маманы бұл жерде бір ғана шешім бар дейді. Оның айтуынша, халық тұтынатын заттардың барлығын елде өндіруді қолға алу керек.
«Барлық халық тұтынатын тауарларды елде өндіретін уақыт келді. Тек ішкі өндірісті арттыра отырып, бағаны тұрақтандыра аламыз. Бұл өз кезегінде импорттан тәуелді болмауға алып келеді», — дейді ол.
Одан бөлек келесідей жолдары да ұсынылды:
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС 10% төмендетілген мөлшерлемесі белгіленеді .
- Мемлекеттік органдар нарықтағы бағаны бақылап, негізсіз қымбаттауларға қарсы шаралар қабылдай алады.
- Аз қамтылған отбасыларға арналған жәрдемақылар мен субсидиялар арқылы олардың сатып алу қабілетін сақтау.
Жалпы ҚҚС мөлшерлемесінің артуы ол экономикалық тұрғыдан қажетті шара. Дегенмен, жоғарыда аталып өткен қауіптерді ескерсек, аз қамтылған топтарды қымбатшылық көлеңкесінен қорғау үшін кешенді әлеуметтік-экономикалық саясат қажет деп түйіндеді сарапшылар.
Айта кетейік, жаңа салық кодексінің жобасы 9 сәуір күні Мәжілісте таныстырылды. Онда ҚҚС 16-пайызға дейін арттыру және осы салықты төлеу шегін бұрын ұсынылған 15 миллион теңгенің орнына 40 миллионға дейін көтеру сынды өзгерістер қарастырылды.
Сондай-ақ мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев атап өткендей, әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер мен азық-түліктер ҚҚС-нан босатылды. Отандық кітап шығару, археология саласы да ҚҚС төлемейтін болды.
Оқи отырыңыз: «Салық реформасында көрінбей қалған көлеңке»: Жеңілдіктен айырылған ел кімге үміт артады?
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру