Ұлттық статистика бюросы еліміз бойынша наурыз айындағы және бір жылдағы инфляция туралы мәліметтерді жариялады.
2024 жылғы наурызда тұтыну бағаларының айлық индексі баяулап, 0,7% құрады (осы жылғы ақпанда – 1,1%). Ақылы қызметтер бағасы 1,1%, азық-түлік тауарлары 0,6%, азық-түлік емес тауарлар 0,5% өскен.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында су бұру тарифі 6,1%, электр энергиясына – 5,9%, суық суға – 4,4%, орталықтан жылытуға – 2,4%, ыстық суға 2,3% өсті. Қонақ үй қызметтері – 1,7%, қоғамдық тамақтандыру қызметтері – 1,2%, шаштараз қызметі 0,8% қымбаттаған.
Азық-түлік тауарлары санатында көкөністер мен жемістердің бағасы наурызда едәуір өскені байқалады. Оның ішінде алма 4,7%, жүзім, сәбіз 2,7%-дан, ақ қауданды қырыққабат 1,4% қымбаттаған. Бағаның өсуі құмшекерге 3,2%, жұмыртқаға – 1,5%, қышқыл сүт өнімдеріне 1,3%, сүтке, нанға 0,9%-дан тіркелді. Бұл ретте қияр 7,1%, күнбағыс майы 5,7%, басты пияз 5%, қарақұмық жармасы 3% арзандады.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Павлодар облысында (2,1%), ал ең төменгі инфляция Түркістан облысында (0,2%) тіркелді.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Жетісу облысында 1,1%, азық-түлік емес тауарлар Шымкент қаласында 1,2%, ақылы қызметтер Павлодар облысында 5,8% өскен.
Фото: polsov.com
ПІКІР ЖАЗУ