Рудный қаласы студенттерінің жаппай улану фактісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлады «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.
Былтыр 20 сәуірде Рудный тау-кен технологиялық колледжінде 14 студент тамақтан уланған болатын.
Осы факт бойынша прокуратураның қадағалауымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Оның барысында «S-Salta» ЖШС басшысы С.А. Шугубаева қабылданған міндеттемелерді елемей, санитарлық нормалардың бұзылуына жол беріп, жаппай улануға әкеп соқтырғаны анықталды. Бұдан басқа, «S-Salta» ЖШС басшысының көрінеу жалған құжаттарды, атап айтқанда медициналық тексеруден өту туралы жеке медициналық кітапшаларды заңсыз пайдалануға қатысы бар екені анықталды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Биыл 7 тамызда сот үкімімен С.А. Шугубаева жалған құжаттарды пайдаланғаны және санитарлық ережелерді бұзғаны үшін кінәлі деп танылды және 3 жыл мерзімге белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
ПІКІР ЖАЗУ