Ресей басылымдарының мәліметінше, көрші елдің бірнеше облысы қатты су тасқыны қаупі алдында тұр. Қазіргі таңда Қурған, Түмен және Омбы облыстарында су деңгейінің күрт көтерілу қаупі бар.
Синоптик Александр Шуваловтың пікірінше, аталмыш қауіптің екі себебі бар: желтоқсан айында қар мөлшерінен көп жауған және соңғы 111 жылда болмаған күннің жылынуы әсер еткен. Сондай-ақ өзендер уақытынан бұрын ернеуінен асып жатыр.
Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысында рекордтық су тасу деңгейі тіркелді. Нәтижесінде Орынбор облысындағы Орск қаласына су жіберілуі мүмкін деген болжам бар. Өйткені Қазақстандағы су қоймалары толып тұр.
Ресейдің аймақтарындағы жағдай:
- Брянск – Десна өзенінің деңгейі күрт көтеріліп, қалалық жағалаудағы айлақ су астында қалды.
- Рязань облысы – Ока өзені “Лесопарк” айлағын су басты, Троица ауылындағы қалқымалы көпір уақытша жабылды.
- Воронеж – Дон өзенінде мұз кептелісі пайда болып, Шилово мен Новогремяченское ауылдары арасындағы понтонды көпір жабылды.
- Тверь – Валдайка өзеніндегі көпір опырылып түсті. Михайловское ауылының тұрғындары айналма жолмен қатынауға мәжбүр.
Ресейдегі ерте басталған су тасқыны Қазақстанның да жағдайына әсер етуі мүмкін.
Ал Қазақстан соңғы болған су тасқынынан сабақ алды ма?
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде жедел ақпарат алмасу және іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында Қазақстан-Ресей жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Сондай-ақ, министрлік «Tasqyn» ақпараттық жүйесін іске қосты. Бұл трансшекаралық су нысандарын басқару тиімділігін арттыруға көмектеседі дейді министрлік.
2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық қаңтар айынан басталып кеткен:
- Су қоймаларының жұмыс режимін реттеу. Қазақстанның орталық, солтүстік, шығыс және батыс өңірлеріндегі су қоймаларында бос орын жасақталуда.
- Селден қорғау бөгеттерін нығайту және өзен арналарының тазартылуы – гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және өзендердің өткізу қабілетін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
- Төтенше жағдай қызметтерінің дайындығы – жергілікті атқарушы органдармен және құтқару қызметтерімен жедел әрекет ету жоспарлары әзірленді.
Министрліктің мәліметінше, солтүстік, батыс, орталық және шығыс өңірлеріндегі су қоймалары тасқын суды қабылдауға дайындық ретінде босатылып жатыр, ал оңтүстік өңірлерде керісінше, ирригациялық қажеттіліктер үшін су жиналуда. Бұл тәсіл су ресурстарын тиімді басқаруға және қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік бермек.
Су тасқынының алдын алу және оған дайындықты арттыру мақсатында 2024–2028 жылдарға арналған Су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында келесі жобалар жүзеге асырылуда:
- 42 жаңа су қоймасының құрылысы (жалпы сыйымдылығы – 2,6 млрд м³);
- 37 су қоймасын қайта жаңарту (жобалық көлемі – 3,7 млрд м³).
Сонымен қатар, Министрлік жергілікті әкімдіктермен және «Қазсушар» РМК-мен бірлесіп, 56 жобаны жүзеге асыруда, олардың мақсаты – қолданыстағы нысандарды қалпына келтіру, жаңғырту және нығайту.
Қазақстанның оңтүстігі су тасқынына қаншалықты дайын?
Оңтүстік Қазақстанда су қоймалары, өзендер мен каналдардың жағдайы тексерілуде. Көксарай тек жоспарланған көлемнің жартысын ғана қабылдай алады, ал Шардара су қоймасы 85%-ға толған. Түркістан облысында ірі су қоймалары мен көктемгі су тасқынына дайындық жағдайын Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев өзі тексерді.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, әзірге алаңдауға негіз жоқ, себебі өзендердегі су деңгейі орташа көрсеткіштен аспайды. Қаңтарда жауын-шашын мөлшері 40 см болған. Өңірдегі 42 су қоймасы орташа есеппен 35%-ға ғана толған:
- Көксарай контрреттегіші – 23%
- Бөген су қоймасы – 74%
- Қосқорған су қоймасы – 4%
- Шардара су қоймасы – 85% (өткен жылмен салыстырғанда жоғары).
Шардара су қоймасының сейсмотұрақтылығын арттыру үшін республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталған.
Көксарай контрреттегіші
Көксарай контрреттегіші 2011 жылы салынғанымен, техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз, сондықтан 3 млрд м³ орнына тек 1,5 млрд м³ су жинай алады.
«Су ресурстары комитеті бұл мәселені шешу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірледі. 2024 жылы Ислам даму банкінің қолдауымен құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, Көксарайдың сыйымдылығы 3 млрд м³-ке дейін арттыру мүмкіндігін арттырды», — делінген әкімнің баспасөз қызметінің мәліметінде.
Бөген және Қосқорған су қоймалары
Бөген – Қазақстандағы ең көне су қоймаларының бірі — 1962 жылы салынған. 2021-2022 жылдары жүргізілген сараптама нәтижесінде жаңғырту жобасы әзірленді және мемлекеттік сараптамадан өтті.
Қосқорған – техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылған. Жобалық құжаттама дайын, сараптамадан өтті, қаржыландыру Ислам даму банкінен күтілуде. Қосқорғанның негізгі мақсаты – Сауран ауданының 5 ауылдық округін (Оранғай, Яссы, Қарашық, Қарнақ, Жүйнек) су тасқынынан қорғау және 7420 гектар жерді суару.
Бәйдібек ата су қоймасы
Өңірде жаңа Бәйдібек ата су қоймасы салынып жатыр. Жоспар бойынша биыл аяқталуы керек. Жалпы құны 15,7 млрд теңге. Ол 68 млн м³ су жинайды, негізгі көзі – Бөген өзені. Бұл жоба 1369 га жерді тұрақты суармалы сумен қамтамасыз етеді.
Каналдар мен арықтар тазаланды
Өңір әкімдігі 39 алдын алу шарасын әзірлеген, оның 28-і орындалды:
- 1203 арық тазартылды (462 км);
- 165 канал тазаланды (654 км);
- 30 км дюкерлі өткелдер жаңартылды;
- 9 өзеннің арналары тазартылды, 5 км канал бетондалды;
- 2,5 км Бөген өзені мен 3 км Боралдай өзенінің арналары реттелді;
- Ақбастау ауылында 600 м дренажды канал қазылды.
Бұл жұмыстар 24 елді мекенді су басу қаупінен қорғауға мүмкіндік берді.
Қазақстанның оңтүстігі көктемгі су тасқынына жақсы дайындалған сияқты. Дегенмен жоғарыда айтылған бірнеше су қоймаларының бүгінгі жағдайы алаңдатып отыр. Бұл ретте ТЖМ басшысы Шыңғыс Аринов су тасқыны қаупі жоғары бес өңірді атады. Оның айтуынша биыл 1223 елдімекенді су басуы мүмкін.
“Бұл – мамандардың берген статистикасы. Адамдар үрейленбеуі керек, барлық елді мекендерді су басады деген сөз емес. Біз тек қауіп бар екенін ескертіп, алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кейбір аймақтарда қауіп сейілді, мамандар жұмысын жалғастыруда. Егер статистикаға сүйенсек, ең көп қауіпке ұшыраған өңірлер – Батыс Қазақстан облысы (БҚО), Қарағанды облысы, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы (СҚО) және Шығыс Қазақстан облысы (ШҚО)”, – деді министр Аринов.
2024 жылғы су тасқынының зардабын мемлекет те, халық та тартқан еді. Ол кезде Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары қатты зардап шекті. Үкімет былтырғы қателіктерінен сабақ алып, биыл дайындықты қарқынды жүргізіп жатыр. Су тасқыны кезінде жедел әрекет ету үшін азаматтық қорғаныс қызметтерінің күштері мен құралдарының топтамасы құрылған. Оған 37 мыңнан астам адам және 13 мың бірлік техника жұмылдырылды. Оның ішінде 4096 су сорғыш құрал, 640 жүзу құралы бар.
«Көктем – 2025» республикалық оқу-жаттығу
Оқу-жаттығуы шеңберінде еліміздің 11 өңірінде су тасқыны қаупі кезінде шұғыл қызметтердің іс-қимылдарын пысықтауға бағытталған тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығу су тасқыны кезеңіне дайындықты арттыру және әртүрлі ведомстволар мен қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту мақсатында өткізілуде.
Жамбыл облысында су басу қаупі кезінде авариялық-құтқару қызметтерінің іс-қимылдарын пысықтау бойынша оқу-жаттығу өтті. Талас өзенінің су деңгейі көтерілген жағдайда төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды эвакуациялады, сондай-ақ сорғы станциялары мен мотопомпаларды пайдаланып су тасқынының салдарын жойды. Құтқарушылар мен полиция халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті, судың одан әрі таралуына жол бермеді, бөгендер мен жол төсемдерін нығайтты.
Жетісу облысында қорғаныш құрылыстарын нығайтуға көңіл бөлінді, ал Қаратал ауданында Қаратал өзенінің арнасын нығайту жұмыстары жүргізілді. Өңір тұрғындары су тасқынына қарсы іс-шараларға, соның ішінде үйлерінің жанындағы арық желілері мен құбырлы өткелдерді тазартуға белсене қатысуда.
Маңғыстау облысының Ақтау қаласында да халықты эвакуациялау және су басу салдарын жою бойынша іс-шаралар пысықталды. Операцияға құтқарушылар, волонтерлер, коммуналдық және шұғыл қызметтер қатысты. Уақытша орналастыру орындарында ыстық тамақ ұйымдастырылып, медициналық көмек көрсетілді.
Түркістан облысында құлақтандыру жүйесі техникалық тексеруден өтті, бөгендерді нығайту, су өткізгіш құбырларды тазарту және арналарды тереңдету жұмыстары орындалды.
Алматы облысы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында мамандар Қотырбұлақ өзенін кеңейту және тереңдету бойынша жұмыстар жүргізді, бұл су басудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласы мен Теректі ауданында практикалық оқу-жаттығулар өткізілді.
Сонымен қатар Ақтөбе және Қызылорда облыстарында да оқу-жаттығу өтті. Бұл өңірлерде су тасқынының алдын алу және төтенше жағдайларды жою бойынша бірінші кезектегі іс-шаралар пысықталды.
Оқу-жаттығуға азаматтық қорғау қызметтері белсенді қатысты. Бұл іс-шаралар су тасқыны маусымына шұғыл қызметтердің дайындық деңгейін растап, ықтимал табиғи апаттар жағдайындағы іс-қимылдардың үйлесімділігін қамтамасыз етті.
Қорытындылай келе, Қазақстан биылғы су тасқыны қаупін азайту үшін белсенді дайындық жүргізіп жатыр деп айта аламыз. Дегенмен қауіп жоқ емес, халық әрқашан төтенше жағдайға дайын болуы керек.
ПІКІР ЖАЗУ