Teez CFBO (Centralizwd Fulfillment by Operator) моделі бойынша жұмыс істейді. Яғни барлық тауарлар орталық қоймада сақталып, сол жерден сатып алушыларға жеткізіледі. Бұл тәсіл тапсырыстарды орындау шығындарын төмендетуге және тиімділікті арттыруға мүмкіндік жасайды.
Teez сатушыларға төмен комиссиялар, логистикадағы жеңілдіктер және ыңғайлы жағдайлар ұсынады. Сатушылар тауарларын орталық қоймаға жеткізіп, қалған процестерді Teez өз мойнына алады. Бұл әлеуметтік желілер мен маркетплейс элементтерін біріктірген social e-commerce концепциясында жұмыс істейтін алғашқы платформа.
Нарықта онлайн-суданың жаңа стандарттарын орнатқан «Teez» интернет дүкенін қолданушылар «отандық» өнім деп қабылдайды.
Ресейліктерді Қазақстан нарығына енгізген кім?
Бүгінде Қазақстандықтар арасында танымалдылыққа ие болған жаңа «отандық» өнімнің артында кім тұр? Invest.gov.kz сайтында инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулында «Teez» қойма терминалы алаңында ең ірі e-commerce жобасын іске асыру жобасы көрсетілген. Жалпы құны 3 млрд теңге. Бұл жобаны қаржыландырған Ресей.
«Teez»-дің негізін қалаушы– Линар Хуснуллин. Ол ресейлік кәсіпкер, KazanExpress марекетплейсінің негізін қалаушы және бұрынғы бас директоры. Ол 1989 жылы Қазан қаласында туылған. Ресей Әділет академиясының заң факультетінде білім алғанымен, оқуын аяқтамаған. 2014-2017 жылдары ол «Бәрі 99 рубльге» дүкендер желісін құрды. Бұл желі 80 қалада 140 дүкенге дейін өсті. Ал 2017 жылы ол KazanExpress марекетплейсін іске қосты. Бұл Ресейлік нарықта AliExpress-ке балама ретінде құрылып, ай сайынғы сауда айналымы екі еселеніп артып отырды. 2022 жылғы статистика бойынша, тәулігіне тапсырыстар бойынша Ресейдегі барлық интернет-дүкендерінің арасында 5-орынға шыққан. 2023 жылдың маусымынан бастап KazanExpress «Магнит» компаниясының бақылауына өтті. Кейін атауы «Магнит Маркет» болып өзгертілген.
2024 жылдың тамыз айынан бастап «Магнит Маркет» өзінің географиялық әлеуеттін арттырып, 200 елдімекенде ашылды. Сондай-ақ Мәскеу және Мәскеу облыстарының тұрғындары үшін де қолжетімді. Маркетплейстің 200 қоймасы бүгінде тәулік бойы жұмыс істейді.
Бұл ретте дәл осы тәжірибені қолданатын Uzum Market маркетплейсі жайлы айтып өткен жөн. Бұл Өзбекстанда Kazanexpress командасының қатысуымен құрылған елдегі алғашқы «біртұтас» ірі холдинг. Оның нарықтағы құны 1 млрд доллардан аса бағаланады. Uzum Market платформасының жұмыс істеу тәртібі Teez-ге ұқсас. Ол да сатып алушыларға тапсырыстарды бір күнде жеткізеді. KazanExpress командасының қатысуы Uzum Market-тің тез дамуына ықпал етіп, Өзбекстандағы онлайн-сауда нарығына жаңа стандарттар енгізуге көмектесті.
2024 жылы Линар Хуснуллин Қазақстанда жоғарыда атап өткен ірі маркетплейстердің баламасы ретінде «Teez» платформасын іске қосты. Жаңа сервис 60 мың шаршы метрлік орталық қойма мен жеке автопаркке ие. Бүгінде Teez-дің тапсырыс беру пунктері Алматы, Астана, Ақтөбе, Қонаев, Өскемен, Шымкент және Қостанайда бар. Олар алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінен көптеген беру пунктерін ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар еліміздің 31 қаласын қамтитын курьерлік жеткізілімін қосқан. Ал қосымшаны 300 мыңнан астам пайдаланушы жүктеп үлгерген.
Teez компаниясының тең негізін қалаушылардың бірі — Ерлан Исекешов. Ол Қарағынды қаласында туған. Еңбек жолын 1992 жылы «Казахгаз» мемлекеттік холдингтік компаниясында инженер болып бастаған. Кейіннен әртүрлі коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерді атқарған. Соның ішінде «Қарағанды Пауэр» ЖШС-нің қаржы директоры болған. «Атырау мұнай-химия зауыты» ЖШС-інде директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақстандық кәсіпкер және венчурлық инвестор, технологиялық сектор мен қаржы саласын қоса алғанда, ірі жобаларды басқару жөнінен 20 жылдан астам тәжірибесі мол. Олар қаржыландырған стартаптар портфелінде 11 жоба бар. 2024 жылы Ерлан Исекешев Teez маркетплейсінің тең құрылтайшыларының бірі болды.
Оның ағасы — Әсет Исекешов министр, президенттің көмекшісі, премьер-министрдің орынбасары, вице-министр секілді түрлі қызмет атқарған. Исекешов соңғы рет Мемлекет басшысының көмекшісі қызметін атқарған болатын. Алайда ол 2023 жылы қыркүйекте отставкаға кеткеннен кейін саяси алаңнан көрінбей кеткен. 2024 жылдан бастап «Qaztech» технологиялық компаниялар альянсының жоғары кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.
Долорес Пшембаева да қазақстандық кәсіпкер, бірнеше табысты жобалардың негізін қалаушы және жетекшісі. Ол Ерлан Исекешовпен бірге Clever азық-тұлік жеткізіп беру қызметі бойынша жұмыс істеген. 2024 жылы Долорес Пшембаева та Teez платформасының тең құрылтайшысы болды.
Бүгінде Ресейліктерді отандық нарыққа енгізу тәжірибесі тиімді қолданылып, маркетплейс Қазақстан нарығын толық жаулап үлгерді. Ал халық жаңа сервистің жұмысын оң бағалауда. Салыстырмалы түрде Teez көптеген ұқсас сервистердің алдында тұр. Ол онлайн-сауданың жаңа стандарттарын орнатып, сатушылар мен сатып алушылар үшін тиімді және ыңғайлы жағдайлар жасап отыр.
ПІКІР ЖАЗУ