Ресей үшін жаға жыртысқан екі қазақ әйелі 60 млн айыппұл төлейді

Фото: mypost.com

Анталья–Астана бағытын бетке алған түріктің Pegasus Airlines ұшағында ыңғайсыз жағдай орын алды.

«Ресейшіл» көзқарастағы екі қазақ әйел украиналық ерлі-зайыптымен ерегесіп, соңы төбелеске ұласыпты. Салдарынан ұшақ Түркияның Ерзүрүм қаласына қонуға тура келген.

Әуе компаниясы қонуға мәжбүр болғаны және қайта ұшуға кеткен қып-қызыл шығын үшін жанжал шығарған екі қазақтан 120 мың доллар талап етіп отыр.

Түріктің Clash Report сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, текетіреске екі қазақ қызының «ресейшіл» көзқарасын ашық білдіруі түрткі болған. Жанжал саясаттан, ресей-украин соғысына қатысты пікір қайшылығынан тұтанған. Онсыз да соғыстан қалжыраған украиналық отбасы әлгі екі қазаққа дүрсе қоя берсе керек.

Украиналық еркек қазақ әйелдің бірін тұмсығынан оңдырмай ұрған көрінеді.

Амал жоқ, қонуға шешім қабылдаған ұшақ экипажы, жерге жете сала полиция шақырған. Pegasus Airlines мәліметінше, ұшақтың бағытын өзгертуі, жанармай құюы және уақыттан ұтылуы компанияға орасан шығын әкелген.

Компания он мың метр биіктікте Ресей үшін жаға жыртысқан әлгі екі әйелге 120 мың доллар айыппұл төлесін деген шарт қойып отыр.