Ресейде апат болды: Зардап шеккендердің арасында 7 қазақстандық бар

Фото: t.me/DenMinPR

Ресейдің Самара облысындағы «Самара – Большая Черниговка» тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен Қазақстанның жеті азаматы, оның ішінде екі бала, туған жеріне жеткізілді. Бұл туралы ozgeris.info тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Зардап шеккен алты адам арнайы санитариялық көліктермен Орал қаласындағы медициналық мекемелерге тасымалданды. Тағы бір азаматты төтенше жағдайлар департаментінің бригадасы жеткізді.

Құтқару жұмыстарына алты жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Бригадалардың құрамына травматологтар, хирургтар, нейрохирург, реаниматолог және алты фельдшер кірді. Олардың басты міндеті – пациенттерге жол бойында қажетті медициналық көмек көрсету және жағдайының нашарлауына жол бермеу.

«Апаттан зардап шеккендерде мидың шайқалуы, аяқ-қолдардың, жамбас сүйектерінің, омыртқаның сынуы, көгеру, гематома және орташа ауырлық дәрежесіндегі көптеген жарақаттар тіркелді», — делінген хабарламада.

Бүгін таңертең ерте зардап шеккен 5 ересек адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасына, 2 бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына емдеуге жатқызылды, онда оларға медициналық көмектің толық көлемі көрсетіледі. Пациенттер тасымалдау кезінде тұрақты бақылауда болды. Олардың жағдайы нашарлаған жоқ, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.