Әзербайжан президенті Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін Ресейге қандай шарт қойылып отырғанын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
29 желтоқсанда Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына халықаралық әуежайда сұхбат беріп, Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты пікір білдірді. Ол 27 желтоқсанда Әзербайжан тарапы өз талаптарын ресми түрде Ресейге тапсырғанын мәлімдеді.
«Бұл талаптардың мәні неде? Біріншіден, Ресей тарапы Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек. Екіншіден, өз кінәсін мойындауы керек. Үшіншіден, кінәлілер жазаланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек. Әзербайжан мемлекетіне, зардап шеккен жолаушыларға және экипаж мүшелеріне өтемақы төленуі керек. Бұл — біздің шарттарымыз. Олардың біріншісі кеше орындалды. Біздің қалған шарттарымыз да орындалады деп үміттенемін», — деді Әзербайжан президенті.
Ол бұл шарттардың барлығы әділ екенін мәлімдеді.
«Бұл жерде артық ештеңе жоқ, бәрі халықаралық тәжірибеге және адамгершілік қағидаларына негізделген. Тағы да қайталаймын, Әзербайжан жұртшылығына бұл істің барлық анық-қанығы хабарланады. Бұл шарттар сіздер арқылы көпшілікке жетеді. Тағы да қайталаймын, біздің шарттарымыз қабылданады деп үміттенемін», — деп түйіндеді Әзербайжан президенті.
ПІКІР ЖАЗУ