«Сауда соғысы сән үйлерін тығыраққа тіреді»: Қытай қымбат люкс брендтердің маскасын шешті

Фото: ozgeris.info

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы шиеленісіп, жаһандық экономикаға ауыр соққы жасады. АҚШ Қытайдан келетін тауарларға кедендік баж салығын 145%-ға дейін көтергеннен кейін, Қытай да 12 сәуірден бастап АҚШ тауарларына қатысты кедендік салықты 125%-ға дейін өсірді. Бұған жауап ретінде АҚШ қытайлық импортқа 245%-ға дейін баж салығын енгізуге дейін барды. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы сауда қатынасының одан әрі ушығуына әкелді.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы салдарынан әлеуметтік желілер жаңа майдан құралына айналды. Қытайлық өндірушілер люкс брендтердің шынайы құнын әшкерелеп, Батысты тізе бүктіруде. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Бірнеше күн бұрын қытайлық әлеуметтік желі қолданушылары американдық тұтынушылардың люкс туралы көзқарасын түбегейлі өзгерткен вирустық трендті бастап кетті. Қытай өндірушілері Hermès және LV сөмкелерінің шынайы құнын көрсететін, және оларды жасауға қолданатын материалдарды әшкерелейтін видеоларды жүктей бастады. Вирусқа айналған видеолар миллиондаған қаралым жинап үлгерген.

Hermès Birkin шынайы бағасы 1400$

Әлеуметтік желідегі шындық: Hermès Қытайда тігіледі ме?

Соңғы кездері TikTok және Instagram желілерінде Қытай зауыттарында жұмыс істейтін қызметкерлердің видеолары қаптады. Өздерін әйгілі сән үйлерінде жұмыс істейтін зауыт қызметкерлері ретінде таныстырған қолданушылар Hermès, Prada, Louis Vuitton сияқты люкс брендтердің өнімдері Қытайда жасалатынын айтып, олардың шынайы бағасын көрсетті. Бұл мәлімдемелердің салдарынан DHgate атты қытайлық маркетплейс ерекше таныла бастады.

2004 жылы құрылған бұл онлайн платформада миллионнан астам көтерме жеткізушінің 40 миллионнан астам тауары ұсынылған. Қазір аталмыш маркетплейс «дюп-культура»,  яғни, люкс бұйымдардың арзан баламаларын іздеуге бағытталған сауда алаңының алдыңғы қатарына шықты.

DHgate бір күн ішінде АҚШ-тағы App Store-да 22-орыннан 14-орынға көтерілсе, Ұлыбританияда Temu мен Vinted сияқты танымал платформаларды басып озып, бірінші орынға шықты.

DHgate платформасына деген қызығушылық аталмыш видеолардан соң одан әрі артты. Қытай зауыттарында жұмыс істейтін қызметкерлердің айтуынша, көптеген сән үйлері өз өнімдерін Қытайда тіктіреді. Кейін оларды Еуропаға жеткізіп, тек  “Made in Italy” немесе “Made in France” деген белгімен бірнеше есе қымбатқа сатады. Nike немесе Lululemon сияқты брендтерінің жұмыс күші Қытайда бұрыннан бар екені бәріне белгілі. Алайда Louis Vuitton, Dior, Chanel, Gucci, Hermès, Prada сияқты ең танымал сән үйлерінің де Қытайда өндірілуі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Кейбір блогерлер сатып алған қымбат бұйымдарын Қытай зауытынан шыққан балама түрімен салыстырып, дәлел ретінде көрсете бастады. Мысалы, Madds Santa есімді қолданушы Louis Vuitton дүкенінен 800 долларға сатып алған әмиянын DHgate платформасынан 100 долларға сатып алған. Айтуынша, сапасы мен тігістерінде айырмашалық жоқ.

Ал Jusnene есімді блогердің жазуынша, Қытайлық маркетплейстен Gucci сөмкесін сатып алсаң, ол дүкенде сатылатындармен бірдей. Тек лейбілі жоқ. Яғни сіз тек брендтің атауы үшін қыруар ақша төлейсіз. Бұл видео 1,5 миллионнан астам қаралым жинаған.

Танымал инфлюенсер Эбони Браунның видеосы да тез таралып, 3,5 миллионан астам қаралым жинады.

«Біз, шындығында Қытайда жасалған,  тек «Италияда жасалды» деген белгісі үшін мыңдаған доллар жұмсап зат сатып аламыз. Дәл осы себептерден нағыз бай адамдар осындай бренд стиліндегі заттарды сатып алады”, — деді ол.

Алайда сән индустриясының сарапшылары бұл ақпараттарға сенбеуге шақырды. Қытай фабрикаларына жиі барып тұратын бренд-стратег Орен Джон бұл процесті TikTok арқылы жалған өнімдерді заңдастыру әрекеті ретінде бағалайды.

“Hermès брендінің түпнұсқа сөмкесін Қытайда жасайды дегенге сенбеңіз. Мұндай жағдайлар сирек кездеседі”, — дейді ол.

Алайда тараған видеоға мән берсек, Қытай өндіруішісі Senbags89 Hermès Birkin сөмкесінің шынай құны 1400 доллар екенін дәлелдеп берді. Алайда дүкендегі бағасы — 38 000 доллар. Қытайлық желі қолданушылары зауыт ішінде түсірілген бейнежазбалар арқылы тұтынушылар тек бренд атауы үшін қырауар ақша төлейтінін жеткізді. Бағасының арасы жер мен көктей аталмыш сөмкеге бірдей материалдар мен өндірістік процестер қолданылатынын көрсетіп, “люкс бренд — тек логотип қана” дегенді алға тартты.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от B. Scott (@bscott)

Бұл әшкере видеолардың таралуы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының шиеленісімен пара-пар келгені күмән да, қызығушылық та турыдып отыр. Сәуір айының басында АҚШ Қытай импорттарына 145%-дық кедендік тариф енгізсе, Қытай жауап ретінде АҚШ тауарларына 125% баж салығын белгіледі. Бұл қос алпауыт ел арасындағы сауда текетіресінің ушығуы.

Әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындық па, әлде жаһандық брендтерге қарсы бағытталған ақпараттық шабуыл ма, ол жағы әзірге белгісіз. Дегенмен осы «мегатанымал» сән үйлеріне бұл жағдайдан кейін қалпына келу оңайға соқпайтыны анық деп жазып жатыр пікір білдірушілер.

Қытайдағы өндірісті сақтау және балама жолдарды іздеу

Бұл ретте көптеген америкалық брендтер Қытайдағы өндірісін сақтап қалуға тырысып жатыр. Олар өндірісті басқа елдерге ауыстыру қырауар шығынға әкелетінін біледі. Сондай-ақ Қытайдың өндірістік қуатының мықтылығы мен артықшылықтарын ескеріп, Қытайда қалуды дұрыс шешім деп бағалауда.

Apple компаниясы iPhone құрылғыларының шамамен 90%-ын Қытайда құрастырады. АҚШ-тың Қытайдан әкелінетін тауарларға 145% кедендік баж салығын енгізуі iPhone бағасының $1,199-дан $2,150-ға дейін көтерілуіне себеп болуы мүмкін. Өндірісті АҚШ-қа көшірудің жоғары шығындары мен инфрақұрылымдық қиындықтарына байланысты Apple Қытайдағы өндірісті сақтап, сонымен қатар Үндістанда да өндірісті арттыруды көздеп отыр.

Tesla компаниясы Қытайдағы өндірісін жалғастыруда. АҚШ-тың Қытайдан әкелінетін бөлшектерге салған жаңа баж салығы Tesla-ның АҚШ-тағы өндіріс жоспарларына әсер етуі мүмкін. Дегенмен, Қытайдағы өндірістік инфрақұрылым мен нарықтың маңыздылығын ескере отырып, компания Қытаймен байланысын сақтап отыр.

Calvin Klein және Tommy Hilfiger брендтерінің иесі PVH Corp Қытайдың Сауда министрлігі тарапынан “сенімсіз ұйымдар” тізіміне енгізілді. Бұл шешім компанияның Шыңжаңнан мақта сатып алудан бас тартуына байланысты қабылданды. Бұл жағдай америкалық сән брендтері үшін Қытай нарығында қалуына кедергі жасауы мүмкін.

Айта кетейік, Қытай баж салығын енгізгеннен кейін Еуропаның люкс брендтерінің акциялары құлаған еді.

Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қытай 10 сәуірден бастап АҚШ-тан келетін барлық импортқа 34% кедендік баж салығын енгізетінін жариялағаннан кейін, Еуропаның люкс брендтерінің акциялары күрт төмендеген. 2022 жылдың қарашасынан бергі ең төменгі деңгейге жеткен.

АҚШ люкс секторы үшін неге маңызды?

Айта кетейік, АҚШ — жаһандық люкс индустриясы үшін стратегиялық маңызды нарық. Бұл елде тұтынушылардың сатып алу қабілеті жоғары, сән мен мәртебеге деген қызығушылығы ерекше, ал люкс өнімдерді тұтыну мәдениеті терең қалыптасқан. Сол себепті әлемдік брендтер үшін АҚШ тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар имидж қалыптастыратын алаң саналады. Мысалы люкс индустриясындағы алпауыт компаниялар — LVMH, Kering, Richemont және т.б. өз табысының едәуір бөлігін АҚШ нарығынан табады. Сарапшылардың айтуынша, 2024 жылы тіркелген қосымша өсімнің 40%-дан астамы АҚШ-тың үлесінде болды. Бұл миллиардтаған доллар деген сөз.

Америкалық тұтынушылар жаңа маусымдық коллекцияларға да, эксклюзивті капсулалық өнімдерге де қызығушылық танытады. Әсіресе Z және миллениал буын арасында люкс брендтерді тұтыну мәртебенің, табыстың, өзін-өзі көрсету мен өзіндік стильдің символына айналған. Одан бөлек АҚШ сән, кино және музыка индустриясының эпицентрі. Голливуд жұлдыздары, музыкалық әртістер, TikTok пен Instagram инфлюенсерлері люкс брендтердің бейресми амбассадорларына айналып, сатылымға тікелей әсер ететінін де ескерген жөн. Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Майами сияқты қалалар әлемдік туристік хаб болғандықтан, америкалық дүкендерден тек жергілікті халық қана емес, туристер де көптеп сатып алады. Сонымен қатар онлайн сатылым үлесі де айтарлықтай артқан. Пандемиядан кейін бұл бағыт тіпті қарқынды дами түсті.