2025 жылдан бастап Қазақстанда SIM-карталар мен мобильді құрылғыларды тіркеуге қатысты жаңа ережелер күшіне енген еді. Одан бөлек, жаңа SIM-карталарды сатып алу кезінде абоненттің бет бейнесінің суретін түсіру міндетті түрде енгізілді. Ал SIM-карталарды үшінші тұлғаларға заңсыз беру үшін жауапкершілік көзделген. Дегенмен көрші елдің онлайн платформаларына әсер етпейтін еліміздің жаңа талабы біреулер үшін кәсіп көзіне айналса, тұтынушылар үшін жеке басының мәселесін шешу жолына айналды. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
2025 жылғы 25 наурыздан бастап Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл өзгерістер тек елге 25 наурыздан кейін әкелінген құрылғыларға ғана қатысты. Бұған дейін Қазақстанда жұмыс істеп тұрған барлық мобильді телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енгізіледі және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастыра береді. Бұл талап құрылғылардың IMEI-кодтарын тексеруді және олардың GSMA секілді халықаралық дерекқорлармен сәйкестігін анықтауды қамтиды. Тексеруден өтпеген құрылғылар “сұр” немесе “қара” тізімге енгізіледі. Нәтижесінде оларға байланыс қызметтерін көрсету шектеледі немесе мүлде тоқтатылады.
Бұдан бөлек, жаңа SIM-карталарды сатып алу кезінде биометриялық тіркеу міндетті түрде енгізілді. Сондай-ақ, SIM-карталарды үшінші тұлғаларға заңсыз беру және SIM-бокстарды пайдалану үшін жауапкершілік көзделген.
Дегенмен ресейлік маркетплейстерде қазақстандық SIM-карталар ашықтан-ашық қымбат бағаға сатылып жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Біз де тексеріп көрейік деп ресейлік OZON және Wildberries маркетплейстерін ақтарып көрдік. Бағалары 10 000 теңге жетеді. Аталмыш SIM-карталары ресейліктер мен шетел азаматтары арасында танымал. Себебі көрші елдің азаматтарына Tik Tok әлеуметтік желісін, Battle.Net ойын сервисін және PayPal ақша шығару қосымшасын қолдануға бірқатар шектеулер енгізілген. Тіпті амалы қалмаған Ресей азаматтары қазақстандықтардан көмек сұрауға мәжбүр.
2025 жылдың жағдайы бойынша Ресейде бірқатар ірі әлеуметтік желілер мен төлем жүйелері бұғатталған. Мысалы:
Facebook әлеуметтік желісі 4 наурызда толық бұғатталды. 2020 жылдың қазан айынан бері Facebook тарапынан ресейлік БАҚ-тарға қатысты 26 рет дискриминация фактілері тіркелген. Сонымен қатар, ресейлік қолданушылар Twitter желісін де пайдалана алмайды. Бұл әлеуметтік желі Facebook-пен бір уақытта бұғатталған.
Instagram Ресейде жұмыс істеп тұр, алайда біршама қиындықтары бар. Қолданушылардың айтуынша, хабарламалар мен суреттер жиі жоғалып кетеді. Сондай-ақ, стористерді көру мүмкін емес.
TikTok ішінара шектелген. Ресейлік қолданушылар видео жүктей алмайды, тікелей эфирге шыға алмайды және шетелдік блогерлердің контентін қарай алмайды. Алайда Ресейде бұрын түсірілген видеоларды көруге және лайк басуға мүмкіндік бар. Одан бөлек ресейліктер үшін жаңа контент жариялау мүмкіндігін шектеді, монетизациясы қосылған азаматтар ақшаларын шеше алмайды.
App Store мен Google Play қосымшалары жұмыс істеп тұр, бірақ шектеулер бар. Ресей аумағында VISA және Mastercard банк карталарымен қосымшаларда төлем жасау мүмкін емес.
PayPal төлем жүйесі Ресейде ішкі аударымдар мен төлемдер қызметін тоқтатты. Дегенмен, ресейлік қолданушылар 31 шілдеге дейін шетелге ақша жіберіп, шетелден аударым қабылдай алады.
Екі ірі халықаралық төлем жүйесі VISA мен MasterCard санкцияларға ілікті. 2022 жылдың 10 наурызынан кейін ресейлік банктер шығарған осы жүйелердің карталары шетелде жұмыс істемейді. Олар тек Ресей ішінде қолдануға жарамды.
MoneyGram америкалық төлем жүйесі Ресейдегі жеке тұлғаларға қызмет көрсетуді тоқтатты. 1 наурыздан бастап ресейліктер MoneyGram арқылы жіберілген қолма-қол ақша аударымдарын тікелей ала алмайды, тек «Золотая корона» төлем жүйесінің бөлімшелерінде ғана қол жеткізе алады.
Ресейде санкцияларды айналып өту үшін VPN қызметін пайдалану кеңінен тарала бастады.
Бұл ретте Ozgeris.info тілшісі Tik Tok эксперті Айжан Нұрмашеваның пікірін сұрады. Оның айтуынша, қазір Ресейде жағдай тіпті ауыр.
«Соңғы уақытта маған көптеген Ресей азаматтары көмек сұрап жазып жатыр. Ол елде Тик Ток әлеуметтік желісі бұғатталған. Әсіресе, монетизация, яғни контент үшін ақша төленетін парақшасы бар азаматтар қиындықтарға тап болуда. Олар әлеуметтік желіге VPN арқылы кіріп жүр. Ал монетизациясы бар аккаунт иелері ақшаларын шығара алмай әлек. Осы сұрақтар бойынша маған күн сайын жазып, көмектесулерін сұрайды. Яғни қазақстандық нөмерде ешқандай шектеу жоқ, сондықтан олар қанша қымбат болса да сатып алуға мәжбүр», — дейді сарапшы.
Осылайша Ресейге салынған шектеулер арқасында аталмыш маркетплейстердің саудасы қызып тұр. Мысалы ресми сайт арқылы қарапайым SIM-картаны 500 теңгеге алуға болады.
Ал көрші елдер оларды 20 есе қымбатқа сатып, пайда көріп отыр. Маркетплейстегі пікірлерге қарағанда, қазақстандық нөмерлер сұранысқа ие, тіпті кейбіреулері сәтті тіркеліп алса, басқа азаматтар қолдана алмай әлек. Осылайша биліктің бақылауынсыз қалған байланыс нөмерлері шетелде қымбат бағаға ашықтан ашық сатылып жатыр.
Ресейлік онлайн-дүкендер арқылы шетелден сатып алынған SIM-карталарды қолдану Қазақстандағы жаңа талаптарға қайшы келеді. Одан бөлек байланыс қызметтеріне қолжетімділіктің шектелуіне әкеп соғуы ықтимал. Тіркеу және пайдалану кезінде қиындықтарға жол бермеу үшін SIM-карталарды және мобильді құрылғыларды Қазақстандағы ресми операторлар мен жеткізушілерден сатып алыңдар деген билік. Алайда бүгінгі реалий басқаша.
Шетел маркетплейстеріне сатуға кім рұқсат берді?
Ozon және Wildberries сынды маркетплейстер – бұл негізінен сауда алаңдары. Олар тауарларды тікелей сатпайды, сатушыларға өз тауарларын орналастыруға мүмкіндік береді. Мұндай платформалардағы сатушылар маркетплейстің ішкі ережелеріне және жұмыс істеп отырған елдің заңнамасына қайшы келмейтін кез келген тауарды ұсына алады.
Ресейде шетелдік SIM-карталарды Ozon және Wildberries арқылы сатып алу және сатуға заңмен тыйым салынбаған. Егер алаяқтықпен немесе ұялы желілердің жұмысына кедергі келтірумен байланысты болмаса.
Қазақстанда құрылғылар мен SIM-карталарды тіркеу туралы заң қабылданғанымен, Ресейде шетелдік нөмірлерді сатуға қатысты мұндай қатаң реттеу жоқ. Егер сатушы мұндай SIM-карталарды Қазақстанға сертификаттаусыз немесе кеден ережелерін бұза отырып жеткізсе, онда оны:
- әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін;
- қазақстандық реттеуші органдардың сұранысы бойынша қызметін шектеуі мүмкін;
- егер бұзушылықтар жүйелі түрде қайталанса, маркетплейсте оның тауарына немесе бүкіл аккаунтына тосқауыл қойылуы мүмкін.
Алайда Ozon және Wildberries сияқты платформалар үшін мүлде тәуекел жоқ сияқты. Олар шағым немесе билік органдарының талабы бойынша тауарды жай ғана алып тастай алады, ал бар жауапкершілікті сатушыға жүктейді.
Яғни, ресейлік сатушылар өздерінің ережелері мен заңдары шеңберінде әрекет етеді. Қазақстанда мұндай SIM-картаны тіркеусіз пайдалану сатып алушы үшін мәселеге айналуы мүмкін. Ал сатушы зардап шекпейді. Мысалы, Ресейде рәсімделген қазақстандық activ нөмірін ел азаматы қолданатын болса, жаңа заң бойынша оның басы дауға қалуы мүмкін.
- SIM-картаның бұғатталуы: Жаңа заң бойынша барлық SIM-карталар нақты иесінің деректеріне (ЖСН, төлқұжат) тіркелуі қажет. Егер қазақстандық оператор SIM-картаның “дұрыс емес” тіркелгенін немесе мүлде ресми дерекқорда жоқ екенін анықтаса, оны желіден ажыратып тастауы мүмкін.
- Айыппұл: Егер тіркелмеген құрылғылар мен SIM-карталарды жаппай пайдалану анықталса, пайдаланушыларға әкімшілік жауапкершілік енгізілуі мүмкін.
- Идентификация мәселелері: Өзінің жеке басын растау қажет болған жағдайда (мысалы, банкте, мемлекеттік қызметтерді телефон нөмірі арқылы пайдаланғанда) қиындықтар туындауы мүмкін, себебі нөмір “күдікті” болып саналуы ықтимал.
- Кедендік бақылау кезіндегі тәуекелдер: Егер SIM-карта пошта арқылы жеткізілсе және тексеріске тап болса, тауардың қайдан және қалай келуіне қатысты сұрақтар туындауы мүмкін.
- Телефонды тіркей алмау мүмкіндігі: Жаңа заң бойынша құрылғының IMEI кодын да тіркеу талап етіледі. Егер SIM-карта ресми емес болса, ал телефон “сұр” нарықтан сатып алынған немесе шетелден дұрыс тіркеусіз әкелінген болса, онда телефон да, SIM-карта да байланыс қызметіне қолжетімсіз болуы мүмкін.
Ендігі сұрақ: Ozon, Wildberries сынды маркетплейстері қазақстандық нөмерлерді сатуға құқылы ма? Сатушылардан жауап алынады ма? Әлде мемлекеттік рәміздерімізді, оның ішінде арабша жазуы бар көк туымызды сатқан ресейлік платформа сияқты жабылған күйінде жауапсыз қалады ма? Оны уақыт көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Билік қайда қарап отыр? Арабша жазуы бар қазақтың туын сатқан ресейлік платформа жазадан құтылып кетті
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру