«Қуаңшылық, аптап ыстық пен өрт қаупі»: Қазақстан экологиялық апаттарға дайын емес — сарапшы

Фото: Ozgeris.info

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға бүкіл ел көз тігіп отырған шақта, Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл жаз өте ыстық болатынын мәлімдеді. Синоптиктердің деректеріне сүйенген министрдің айтуынша,  жазда өрт қаупі жоғарылайды, сондықтан барлық тиісті мекемелерді дайын болуға шақырды.

Министрдің айтуынша, жылдың басынан бері елімізде 25 табиғи өрт тіркелген, оның ішінде Семей орманы мен Баянауылда ең ірі жағдайлар орын алған. Қазірдің өзінде 4,5 мың гектар жер отқа оранған. Бұл салыстырмалы түрде 5000-нан астам футбол алаңының көлеміне тең. Бұл ретте Ozgeris.info тілшісі сала мамандарының пікіріне сүйеніп, билік алдағы төтенше жағдайларға қаншалықты дайын екенін зерттеп көрді.

Су тапшылығы мен құрғақшылық қаупі

«Kaz Eco Partol» қоғамдық бірлестігінің басшысы Тимур Елеусізов биылғы жылы үлкен құрғақшылық пен су тапшылығы орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, жауын-шашын мөлшерінің аздығы су тасқыны деңгейінен-ақ байқалады. Былтыр зардап шеккен аймақтар биыл да қиындық көріп отыр. Су тасқындары топырақтың құнарлы қабатын шайып кеткен, нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы өнімділік төмендеуі мүмкін.

“Ауа райының күрт құбылуы әлем елдеріне де әсер етуде. Қытай, Ирак елдерінде, тіпті Алматыда болған дауылдар осының дәлелі. Алдағы уақытта ауа райы тұрақсыз әрі аса құбылмалы болады”, – деді сарапшы.

“Қазгидромет” РМК ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекованың айтуынша, алдын ала болжам бойынша, 2025 жылы Қазақстанда жаз мезгілі орташа ыстық болады деп күтілуде. Дегенмен кей кезеңдерде ауа температурасы 35 градусқа дейін, ал еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-батысында 40-43 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

«Бұл әзірге алдын ала болжам, нақты деректер 15 мамырда жарияланады. Аптап ыстық кезеңдер жаңбырлы күндермен ауысып отырады», — дейді сарапшы.

Үкімет табиғи қорықтарда өртке қарсы дайындықты күшейтуді тапсырды. Алайда биылдың өзінде орман мекемелерінің өрт қауіпті маусымға дайын болмағаны байқалды. Экология министрлігінің мәліметінше, орман шаруашылықтарындағы 314 өрт сөндіру техникасының 132-сі ескі және жарамсыз күйде. Бұл барлық техниканың шамамен жартысы. Оның үстіне қолда бар техниканың сапасы мен тиімділігі де күмән тудырады.

“Орман шаруашылықтарына сатып алынған техникалардың көбі экстремалды жағдайда жұмыс істей алмайды. Қосалқы бөлшектердің болмауы салдарынан техника уақыт өте келе істен шығып, жарамыз болып қалады. Осындай жағдайларда, тіпті, УАЗ ғана өрт орнына жете алады. Сондықтан су таситын көліктер алған әлдеқайда тиімді”, – дейді Тимур Елеусізов.

Сарапшылар еліміздің төтенше жағдайларға дайын еместігін ашық айтып отыр. “Өртке де, су тасқынына да уақытылы әрекет ете алмай отырмыз. Бюджет қаржысының қайда және қалай жұмсалып жатқаны белгісіз. Бұл жүйесіздік әрі тиімсіздік үлкен қауіп төндіруі мүмкін”, – дейді олар.

Мамандар апаттардың алдын алу шараларын тек төтенше жағдайдан кейін емес, алдын ала жүргізу қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ сарапшылар төтенше жағдайлар кезінде жергілікті тұрғындарды жұмылдыратын ауданаралық өрт сөндіру жасақтарын құруды, сондай-ақ су ресурстарын үнемдеу және сақтау бағытындағы дәстүрлі тәсілдерді қайта енгізуді ұсынады.

“Бұрын қар еріген кезде суды арнайы қоймаларға жинап, жаз бойы ауыл шаруашылығында пайдаланатынбыз. Қазір, өкінішке қарай, бүкіл суды өзенге ағызып жібереміз де, оны тиімді пайдалана алмай қаламыз. Мұндай жұмыстар үшін көп қаражат қажет емес. Біз, өкінішке қарай, қарапайым нәрсені қиындатып жібереміз”, – дейді маман.

Аномальды ыстық та еліміздің жағдайын ушықтырады дейді сарапшылар.

«Қазақстанда жағдай қиын. Жалпы, Орталық Азия елдерінде. Өнімділік аз болуы мүмкін. Біз әрдайым картоп өсіру және оның көлемі жағынан алдыңғы қатарда едік, ал қазір картопты Қытай мен Ираннан сатып алуға мәжбүрміз, бұл біздің ел үшін ұлттық деңгейдегі масқара жағдай», – деп атап өтті сарапшы.

Сарапшылар елде агрохабтардың жоқтығын да атап өтті.

«Барлық өнім жинақталып, қапталып, сұрыпталып, Қытай сияқты бүкіл өңірге жіберілетін орындар болмағандықтан, фермер өсірген өнімін ары қарай сата алмайды. Қант қызылшасы бойынша да жағдай осындай, олар өз өнімін өткізу үшін таласуға мәжбүр. Себебі логистика жүйесі қалыптаспаған, басқарудың тиімділігі төмен, ал мемлекет тарапынан ынталандыру жоқ», – дейді сарапшы.

Мемлекет ауыл шаруашылығы мен фермерлерге қолдау білдірудің орнына, оларды қиын жағдайға қалдырып отыр.

«Мемлекет тарапынан қызығушылық жоқ. Министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмысқа төмен баға берер едім. Инфляция жүріп жатыр, нарық тұрақсыз, үлкен субсидиялар бар, бірақ олар қайда кететінін ешкім білмейді және осы шешімдерге кім жауапты? Бізде бәрі қағаз жүзінде керемет, бірақ шын мәнінде, инфляцияның 1/10-ын да өтей алмай отырмыз», – деп қорытындылады сарапшы.

Әлемдік метеорология ұйымының (WMO), NOAA және спутниктік платформа M-CASS мәліметтері бойынша, 2025 жылы Қазақстанды қиын кезең күтіп тұр. Ла-Нинья әсері әлсіресе де, Тянь-Шань, Памир және Алтай тауларында қар мөлшері әдеттегіден айтарлықтай аз.

Агросарапшы Кирилл Павловтың айтуынша, жазда өзендерде су тапшылығы туындауы мүмкін. Әсіресе оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде суармалы егіншілікке тәуелділік жоғары, сондықтан жағдай қиындай түсуі ықтимал.

«Оңтүстік Қазақстанда көктемде нөсер жаңбырлар мен жергілікті су тасқындары болуы мүмкін. Бірақ жазда жағдай күрт өзгеріп, Сырдария өзенінің суы тартылып, күріш және қарбыз егу үшін су жетіспеуі мүмкін. Алматы мен Балқаш өңірінде де ахуал шиеленіскен. Таудағы қар жылдам еріп кетеді, ал су қоймаларының толуы баяу. Бұл жеміс-жидектер мен көкөністердің егісіне кері әсер етеді», — дейді маман.

Солтүстік Қазақстанда ерте көктем шықты, салдарынан топырақ ылғалмен қанықты. Бірақ шілде айы ыстық әрі құрғақ болуы мүмкін. Ал бидай, жаңбыр жаумаса, дұрыс бітпейді.

Орталық және Батыс Қазақстан да қауіпті аймақтар қатарында. Жаңбыр аз, жайылымдар әлсіреп, жаздың ортасында құрғақшылық болуы мүмкін. Қарағанды облысындағы суарылмайтын егістіктер қатты зардап шегуі мүмкін. Шөптің бағасы айтарлықтай қымбаттауы ықтимал.

«Шығыс Қазақстан әдеттегідей қиын жағдайды бастан кешіріп отыр. Тауларда әлі қар бар, бірақ аз. Ал жазда су жетіспеушілігі түсінікті жағдай, ауыл шаруашылығы үшін қиын маусым», — дейді маман.

Батыс Қазақстанда жағдай бөлек. Мұнда жыл сайын жауын-шашын мөлшері аз, ал 2025 жылы спутник пен климаттық деректерге сүйенсек, жағдай тұрақты болып қалады.

«Биыл жаз ыстық және жаңбырсыз өтеді. Бұл жайылымдардың тез құрғап, шөптің қурауына әкеліп, мал азығыны тапшылығын тудырады. Осы климаттық факторлар нәтижесінде азық-түліктің қымбаттауына әкелуі мүмкін. Әсіресе, суармалы дақылдардың бағасына әсер етеді, оның ішінде көкөністер, жемістер, күріш және басқа да дақылдар бар. Су тапшылығынан өнім аз болады, ал өнім аз болса, нарықтағы ұсыныс та азаяды», — дейді Кирилл Павлов.

Мал азығының қымбаттауы ет, сүт және жұмыртқа бағасына әсер етуі мүмкін дейді мамандар. Импорт тапшылықты өтеуге ықпал жасауы мүмкін. Егер логистика және валюта бағамы тұрақсыз болса, ол да шарықтайды.

Айта кетейік, 1991 жылы ауыл шаруашылығы секторы ЖІӨ-нің 30%-ын құраған. Қазір — 3,8%. Бұл ресми статистика көрсеткіші. Сарапшылардың айтуынша, елде отыз жыл бойы ешқандай жер реформасы іске аспаған. Министрлер талай ауысса да, іс жүзінде ешнәрсе өзгерген жоқ. Қазақстан жерінің 75%-ы  ауыл шаруашылығына қолайлы. Алайда сарымсақ пен картопты Қытайдан, көкөністерді Өзбекстаннан, ет өнімдерін Беларусь елінен, қаймақ пен ірімшікті Ресейден аламыз.

«Жыл сайын «ауылдарды дамытамыз» деп ұрандағаннан не пайда? Шын мәнінде дамып жатқан тек қағаздағы есептер мен статистика», — деп түйіндеді Кирилл Павлов.