ҚҚС мөлшері бағаға қалай әсер етеді?

Баға бас білмейтін асаудай ойнақтап тұр. «Үйдегі көңіл-күйді базардағы баға бұзатынын» ескерсек, халықтың алаң көңілін түсінуге болады. «Қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі өсті, енді қымбатшылықтың қыспағы үдей түспей ме» деген сауалдың да көптің көкейінде жүргені анық. Тұтынушылық несие саны ұлғайып, қарапайым халықтың қарыз үстіне қарыз жамап жатқаны да күрмеуі қиын күрделі мәселе. Осындай алмағайып шақта қаржылық тепе-теңдікті сақтап, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» тығырықтан шығудың оңтайлы жолын табу оңай болмаса керек.

Құн салығына қатысы жоқ

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов нарықтағы бағаның өсуін қосылған құн салығымен байланыстырмайды. Оның айтуынша, елдегі инфляцияның негізгі себебі – тұтынушылық несиенің артуы. Кейінгі үш жылда несие көлемі 30%-ға өскен. Бұл сұраныстың артуына әкеліп, бағаның өсуін жылдамдатып отыр.

«Инфляция негізінен монетарлық сипатқа ие. Оған несие беру қарқыны мен көлемі әсер етеді. Қазір несие көлемі ІЖӨ-ден жылдам өсіп жатыр, солай сұранысты арттырып, бағаның қымбаттауына ықпал етеді», дейді А.Қасенов.

Инфляция деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біршама тұрақты көрінеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 8,6% болса, 2022 жылы 10%-дан асқан еді. Биыл ақпанда инфляция 9,4%-ға жетті, жыл соңына қарай көрсеткіш 10%-ға жетуі мүмкін. Қасеновтің айтуынша, Үкімет инфляциямен күресу үшін 100-ден астам кешенді іс-шара қабылдаған.

«ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі кейбір тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әсер етуі мүмкін. Алайда нарықтағы бәсекелестік жоғары болса, компаниялар ҚҚС-тың өсуін толықтай тұтынушыға аудара алмайды. Көп жағдайда өндіруші мен сатушы өз маржасын төмендетуге немесе шығындарын оңтайландыруға тырысады, осылайша бағаның күрт өсуіне жол бермейді. Кей компаниялар ҚҚС өсімін өндірістік шығындарды қысқарту, автоматтандыру немесе салық жүктемесін оңтайландыру арқылы өтеуі мүмкін. Дегенмен бұл өзгеріс экономиканың дамуына оң әсер етеді. Расында, қазір отандастарымыздың несиеге деген сұранысы жоғары. 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін халықтың жалпы несие көлемі 20,3 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 21,8%-ға артқан. Соның ішінде тұтынушылық несиелер 13,5 трлн теңгені құрап, бір жылда 31%-ға өскен. Ал ипотекалық несиелер 6 трлн теңгеге жетіп, 12,6%-ға артқан. Мұның негізгі себептері – бөліп-төлеу бағдарламаларының кеңінен таралуы, банктік жүйенің цифрлануы және несие алу шарттарының жеңілдеуі», дейді Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің басшысы Ерлан Сағынаев.

Реформа емес, коррекция

Үкімет Парламентке ұсыныс енгізді,талқыланды, ақыры мөлшерлеме бекітілді. Еске сала кетейік, елімізде қосымша құн салығының  мөлшері 16%-ға өсіп, ҚҚС төлеу міндеттемесі үшін шекті айналым 40 миллион теңге болып белгіленген-тұғын. Қаржы саласының сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл өзгерістер Салық кодексінің жаңа жобасында көзделген әрі үкімет пен парламент арасындағы келісімдердің нәтижесі. Тіпті реформа да емес.

«Бұл енді реформа емес, бұл коррекция. Салық реформасы дегенде белгілі бір жүйені түбегейлі өзгерту, ескі тәсілдерден жаңа жолға көшуді күткенбіз. Сондықтан реформаның мәні кетті. Қосымша құн салығы бойынша шектің жылына 40 миллион теңге болуы орта бизнестің өсуіне жол ашпайды. Себебі, әлі де салықтан жалтаруға саңылау бар. Егер бұл шектеу төменірек – мысалы, 15 немесе 18 миллион теңгеге дейін болса, орта бизнес үшін мұндай мүмкіндік болмас еді. Үкімет бастапқыда реформаны терең және толыққанды жүргізуді мақсат етіп қойған болса да, ақыр аяғында шыбық сияқты сынды да қалды. Ал тура осы кезде әлемдегі мұнай бағасының төмендеу фазасына келіп қалдық. Келесі жылы мұнай бағасы тағы төмендесе, мынадай жартылай реформамен мемлекеттік қаржы мәселесін шешу мүмкін болмайды», дейді ол.

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының бұл жөнінде өз ұстанымы бар еді.

«Үкімет ҚҚС мөлшерлемесіне қатысты мәселені мұқият талдап, өз ұсынысын нақты есебімен дәлелдеу керек еді. Қазір бюджет тапшылығы 5 трлн теңгені құрайды, ол 2029 жылға дейін 9 трлн теңгеге өседі. Сондықтан біз осы тапшылықты салық арқылы жеңе аламыз деген түсініктеме келтірілді. «Ақ жол» осыған орай Үкіметке бірнеше сұрақ қойдық. Біріншіден, Үкімет салықты көтеруден бұрын қандай шығындарды қысқартуға дайын? Қандай сомаға? Жемқорлықпен күресіп, жемқорлықты қысқартқанда бюджетке қанша қаражат қалатыны туралы есеп бар ма? Қытайдан келетін контрабанда, яғни жасырын импорт, ҚҚС-ті бюджетімізге толтыратын ең үлкен баптардың бірі. Сондықтан оны назарға алуымыз керек еді», дейді депутат.

Айтқандай, бұл жердегі тағы бір маңызды мәселе – контрабанда мен жасырын импорт. Импорттан түсетін ҚҚС – ең үлкен кіріс көздерінің бірі. Жақында шыққан ақпаратқа сәйкес, Қытайдан Қазақстанға кіретін импорт көлемі ресми есептерде 12,75 млрд долларға кем көрсетілген. Егер бұл рас болса, осы көлеңкелі айналымнан алынатын ҚҚС-тың өзі шамамен 1,5 млрд доллар немесе 750 млрд теңге болар еді. Сауда министрлігі бұл айырмашылық есептеу әдістерінің әртүрлі болуынан туындап отырғанын мәлімдеді.

«Баға өспейді деп уәде беру – негізсіз. Себебі Үкімет салық мөлшерін арттыруды жоспарлап отыр. Егер бұл табыс салығы немесе корпоративтік табыс салығы болса, онда мәселе басқа. Өйткені бұл салық түрлерін бизнес өз кірісінен төлейді. Ал ҚҚС ерекшелігі – оның тікелей тұтынушылар есебінен төленуі. Демек, бұл салықтың көтерілуі тауар мен қызмет бағасына міндетті түрде әсер етеді. Жалпы салықтың көтерілуі халықтың төлем қабілеттілігіне қалай әсер етеді? Қазіргі ресми статистика бойынша, халық табысының 50%-дан астамы азық-түлікке жұмсалады», деп түсіндірді А.Перуашев.