ҚҚС көтермесек, зейнеткерлер мен студенттердің жәрдемақысы таусылады, әлеуметтік төлемдер тоқтайды – экономист

Фото: ЖИ

Соңғы уақытта Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Таяқтың екі ұшы бар. Бір жағынан үкімет ел экономикасын, оның ішінде бюджет тапшылығын шешуге ниетті, екінші жағынан кәсіпкерлер мен қарапайым халық үшін «шок терапияға» айналды. Бұл ретте Ozgeris.info тілшісі ҚҚС өсімінің жағымды болжамдарын сарапшылардың пікірімен сараптап көрді.

ҚҚС өсімі халыққа не береді деген сұраққа жауап бермес бұрын, тәуелсіз сарапшы Ерлан Кәрімов атап өткен себептеріне тоқталып өтейік.

Сарапшының пікірінше, ҚҚС көтеруге итермелеген ең басты себептердің бірі – бюджет тапшылығы.

«Республикалық бюджет туралы» заңға (2019-2024 жж.) сәйкес, 2019 жылдан бері мемлекеттік кірістер мен шығыстар шамамен екі есе өскен. Ал бюджет тапшылығы 2,6 есе артып, 1,4 трлн теңгеден 3,7 трлн теңгеге дейін жетіп отыр.

Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, 2025 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің шамамен 3,1%-ын немесе 8,5 млрд АҚШ долларын құрауы мүмкін. Егер экономиканың өсуі 4,5% деңгейінде жүзеге асса, 2025 жылы елдің ЖІӨ шамамен 255 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін.

Екінші маңызды себептердің бірі — Ұлттық қор қаражатының қысқаруы.

«Ұлттық қор туралы» заңға сәйкес, аталмыш қор елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, болашақ ұрпақ үшін қаражат жинақтау және экономиканың сыртқы қолайсыз факторларға тәуелділігін төмендету мақсатында құрылған.

Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 59 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3 млрд долларға аз.

Ұлттық қордың ең төменгі рұқсат етілген қалдығы ЖІӨ-нің кемінде 30%-ын құрауы тиіс. 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ шамамен 245 млрд АҚШ долларын құрайды, яғни Ұлттық қордың қаражаты кемінде 73 млрд АҚШ долларына тең болуы керек. Алайда, бюджет тәртібінің бұзылуына байланысты соңғы жылдары Ұлттық қордың қаражаты 59 млрд АҚШ долларына дейін төмендеп отыр.

Соңғы 10 жылда Ұлттық қор активтері 18 млрд АҚШ долларына қысқарды (77 млрд доллардан 59 млрд долларға дейін).

Сарапшы ҚҚС өсірудің тағы бір себебін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қарыз бойынша шығыстар артқан.

«Республикалық бюджет туралы» заңға (2019–2024 жж.) сәйкес, соңғы 5 жылда мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы байқалады. Атап айтқанда, трансферттер көлемі 3,3 есеге, мемлекеттік қарызды өтеу шығындары 3,2 есеге, ал білім беру саласына жұмсалатын шығыстар 2,7 есеге артқан.

2024 жылдың соңында елдің мемлекеттік қарызы 30,5 трлн теңгеден асты. (шамамен 60 млрд АҚШ доллары немесе ЖІӨ-нің 25%-ы), оның 75%-ы ішкі қарыздар, ал 25%-ы сыртқы қарыздар.

Ұлттық банктің деректері бойынша, 2024 жылдың соңындағы сыртқы қарыз көрсеткіші келесідей

  • Мемлекеттік қарыз – 14 млрд АҚШ доллары;
  • Банктер мен мемлекеттік ұйымдардың сыртқы қарызы – 16,9 млрд АҚШ доллары;
  • Жеке сектордың сыртқы қарызы – 135 млрд АҚШ доллары.

Осылайша, бюджет тапшылығы аясында мемлекеттік қарызды өтеуге жұмсалатын шығындар өсуде. 2019 жылдан бастап мемлекеттік қарызға жұмсалатын шығындардың жалпы мемлекеттік шығыстардағы үлесі 6%-дан 9,3%-ға дейін ұлғайған.

Ішкі және сыртқы қарыз алу үрдісінің артуына қарамастан, мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде тұр. Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 25%-ынан аспайды (мысалы, ХВҚ-ның бағалауы бойынша, елдің тұрақты дамуы үшін мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 40%-ынан аспауы тиіс), ал сыртқы қарыздың үлесі (жеке сектордың қарызын қоса алғанда) ЖІӨ-нің шамамен 68%-ын құрайды, бұл да елдің тұрақты дамуы үшін қауіпсіз шек болып табылады.

Жалпы, Қазақстан консервативті қарыз саясатын ұстанады.

Осыған орай тәуелсіз сарапшы Ерлан Кәрімов келесідей ұсыныстармен бөлісті.

«Менің ойымша, бюджет тапшылығын ҚҚС мөлшерлемесін көтермей-ақ шешуге болады. Мысалы, экономикадағы қолма-қол ақша айналымын шектеп, көлеңкелі экономиканың үлесін айтарлықтай қысқарту. Екіншіден, «Цифрлық теңге» құралын мемлекеттік шығыстар мен субсидияларды қаржыландыру үшін белсенді пайдалану. Тікелей шетелдік инвесторлар үшін дайын инвестициялық жобалар пулын әзірлеу. Салық төлеушілердің қаражатын белгілеу арқылы мемлекеттік шығыстардың ашықтығын арттыру, бұл ірі бизнеске өз салықтары есебінен қандай жобалар қаржыландырылғанын бақылауға мүмкіндік береді», — деп ұсыныстарын жеткізді сарапшы.

Ozgeris.info тілшісі қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірін сұрады. Оның айтуынша, ҚҚС бюджет тапшылығынан құтқаратын және халықтың болашақта айлығын төлеуге мүмкіндік беретін басты құрал.

«Халық шулап жатқанын білеміз. Бірақ ел тұрғындары түсінуге міндетті жағдайлар бар. Егер ҚҚС көтермесек, 2-3 жылдан кейін халықтың зейнетақысы тоқтайды, студенттердің шәкіртақысы тоқтайды, әлеуметтік төлемдердің барлығын кесуге тура келеді. Қазір халық шулап жатыр деп, салықты мүлдем тоқтатып тастасақ болады, бәрін 3 пайызға дейін түсіріп тастасақ болады, бірақ оған да халық келіспейді», — деді сарапшы.

Бүгінгі таңда бюджет шығындарының 75 пайызын әлеуметтік төлемдер құрап отыр. Мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығын қоса алғанда, одан бөлек тек зейнетақы төлемдерінің шығыны 3 трлн теңгені құрайды. Жыл сайын бұл санатқа 400 мың адам қосылады. Оның ішінде 50 мың зейнеткер бар. Базалық зейнетақыны мемлекет төлейді, оны ұмытпаған жөн.

«ҚҚС көтермесек Ұлттық қорды жауып тастауға тура келеді. Жыл сайын 6 трлн алып отырсақ, бес жылда Ұлттық қорды құртып бітеміз. Бұл сценарийді де халық қабылдамайды, әрине».

Сарапшының айтуынша, халықты алаңдатып отырған ҚҚС пайызы емес. Себебі қазір 12 пайыз болса, ол бар жоғы 4 пайызға өседі.

«Қоғамды ҚҚС бойынша есепке қою шегі мазалап отыр. Бұл ретте Үкімет кәсіпкерлер көп айналысатын секторларға 4 пайыздық бөлшек салығын ұсынып отыр. Сондықтан амалын тауып, кәсібін жүргіземін дейтін кәсіпкерлерге мүмкіндік жоқ емес, жағдай жасалып жатыр. Бүкіл әлем өмір сүріп отырған бұл жүйе біздің елдің де ертерек дұрыс жолға түсуінің көрінісі деп білемін», — деп түйіндеді Айбар Олжаев.


Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Видео с выпускного "убило" всех родителей: кто это заснял?!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
97-летний кардиолог: Если давление выше 130\90, выпейте 2 ложки…
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Девушка из г Колумбус опозорилась на всю Беларусь! Видео ошеломит