ҚҚС экономиканы тежеу құралы ма, әлде өсу жолы ма?

Фото: pinterest.com

Қосылған құн салығы (ҚҚС) бюджеттің негізгі табыс көздерінің бірі саналады. Алайда аталмыш салық түрі экономикалық өсімге қалай әсер етеді? Бұл әлі күнге дейін талқыланып жүрген өзекті тақырыптардың бірі. Бір зерттеулер ҚҚС-ның жоғары болуы тұтыну мен инвестицияны тежейді десе, енді бірі экономиканың бейімделуі жағдайында оның теріс әсері байқалмайды дейді. Ozgeris.info тілшісі зерттеу нәтижелеріне тоқталып өтеді.

Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы «The Impact of Standard Value Added Tax on Economic Growth in CEE-5 Countries» атты зерттеуге негізделген статистиканы жариялады. Онда Болгария, Чехия, Венгрия, Польша және Румыния елдеріндегі ҚҚС және ЖІӨ өсімі арасындағы байланыс қарастырылған.

Әлем елдері бойынша ҚҚС бюджетті толықтырудың ыңғайлы түрі. Себебі ол кіріс және пайда салығына қарағанда экономикалық циклдерге тәуелді емес. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, бұл салықтың экономикалық өсімге әсері әр елде әрқалай екенін көрсетеді.

Мысалы Венгрияда ҚҚС жалпы ішкі өнімнің өсуіне оң әсер еткен. Ал Болгария, Чехия, Польша және Румыния елдерінде керісінше, ҚҚС өсуі экономиканың дамуын тежегені айтылады. Яғни, сарапшылардың айтуынша, қысқа мерзімде ҚҚС-тың артуы дағдарыс кезеңдерінде кері әсер етеді.

Әр елдің өзіне тән салықтың саясаты бар. 2015 жылы аталған бес елде ҚҚС мөлшерлемесі әртүрлі болған:

  • Болгария – 20%
  • Чехия – 21%
  • Венгрия – 27% (ЕО-дағы ең жоғары көрсеткіш)
  • Польша – 23%
  • Румыния – 24%

Венгрияда қосылған құн салығы ЖІӨ-ге оң әсер еткен. Оның себебін сарапшылар салықтық әкімшілендірудің жоғары деңгейі мен салық төлеуден жалтаруға қарсы күрестің тиімділігімен түсіндірді. Ал басқа елдерде ҚҚС-ның артуы тұтыну деңгейінің төмендеуіне және көлеңкелі экономиканың ұлғаюына алып келген.

Ал ҚҚС мөлшерлемесін төмендету не береді?

Соңғы жылдары кейбір елдер ҚҚС мөлшерлемесін төмендету шешімін қабылдаған. Мысалы, 2016 жылы Румыния ҚҚС мөлшерлемесін 24%-дан 20%-ға, ал 2018 жылы 18%-ға дейін төмендетуді көздеген.

Экономикалық модельге сүйенсек, ҚҚС мөлшерлемесін төмендету бірнеше факторларға әкелуі мүмкін.

Біріншіден, тұтыну деңгейінің өсуі;

Екіншіден, көлеңкелі экономиканың азаюы және салықтық тәртіптің нығаюы;

Үшіншіден, ЖІӨ өсімінің жеделдеуі.

Алайда бұл қадамдар бюджет кірісін азайтып, әлеуметтік бағдарламаларды қысқартуға алып келуі мүмкін дейді мамандар.

Қорытындылай келе сарапшылар ойларын түйіндеді.

«ҚҚС экономикалық саясаттың маңызды тетігі. Алайда оның ЖІӨ-ге әсері бірдей емес. Венгрия ҚҚС өскен кезде де экономикалық өсімді сақтай алған жалғыз ел. Қалған мемлекеттерде бұл салықтың артуы экономикалық өсімді тежеген», — дейді сарапшылар.

ҚҚС-ты төмендету арқылы тұтынуды ынталандыруға болады. Бірақ бұл бюджеттің кіріс бөлігін азайтады. Сондықтан мұндай саясат теңгерімді әрі тиімді өтем шараларымен бірге жүзеге асырылуы қажет.

Айта кетейік, елімізде жаңа салық кодексі мәжілісте қаралды. ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға арттыру сұрағы қоғамда әлі де қызу талқылануда. Сарапшылар мен кәсіпкерлер бұл қадамның пайдасы мен қаупі туралы пікірлерін ортаға салып жатыр. Қаржы мамандары бұл мемлекет үшін маңызды әрі керек шешім екенін айтуда. Ал Үкімет ҚҚС өсімінен қосымша табыс күтуде. Әрине, қосымша қаражат инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға бағытталуы керек деген пікірлер орынды. Билік тарапынан әлеуметтік төлемдер мен жалақыны индекстеу де көзделіп отыр. Яғни мақсаттары ҚҚС өсімінің теріс әсерін азайту. Сондай-ақ белгілі кәсіп түрлерін аталмыш салықтан босату да көзделген. Мысалы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері, ауыл шаруашылығы, дәрі-дәрмек өндірушілері, баспаханалар мен археологиялық қызмет көрсетуші ұйымдар.