Өзбекстанда қол жуу қарапайым гигиеналық әдет қана емес, мемлекеттік бағдарламаға айналды. Ел президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен «Таза қол» атты ауқымды кампания іске қосылып, халықтың гигиеналық мәдениетін арттыруға 780 миллиард сум немесе 31 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бір қарағанда, «қол жууға ақша бөлу» – күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ Өзбекстан бұл әрекетімен жаңа өркениеттің негізін қалап отыр. Еске түсірейік, Сингапурды заманауи мемлекетке айналдырған Ли Куан Ю алғашында қарапайым санитарлық талаптарды қатаң бақылауға алды. Дәретханадан кейін су ағызбағандарды полиция ұстап, жазаға тартты. Әр дәретханада бақылаушы тұрды, тәртіпке бағынбағандар жұрт алдында дүре жеді. Қазір Сингапур тазалық мәдениетімен әлемге үлгі. Өзбекстан да дәл осы жолға түсіп отыр. Тек тәртіптік жаза арқылы емес, білім беру мен инфрақұрылымды жақсарту арқылы нәтижеге жетпек.
Бағдарлама аясында елдегі барлық мектептер «үш жылдызды жүйемен» бағаланатын болады. Бір жұлдыз – минималды гигиеналық талаптарды орындаған мектепке беріледі: балалардың қол жууы ұйымдастырылып, дәретханалар күн сайын тазаланады. Екі жұлдыз – гигиеналық жағдайлар мен білім беру процесін жетілдірген мектептерге тиесілі. Ал үш жұлдыз – ұлттық стандарттарға сәйкес келетін, толыққанды инфрақұрылымы бар білім ордаларына бұйырады. Бұл мектептерде қол жуу – оқушылардың әлеуметтік нормасына айналады. Мұны «UPL.uz» өзбек басылымының хабарлады.
Өзбекстанның «Таза қол» бағдарламасы – тек санитарлық шара емес, стратегиялық бастама. Елдің білім беру және медициналық мекемелерінде қол жуу құралдары, ауызсуға қолжетімділік және санитарлық инфрақұрылым жақсарады. 6 мыңнан астам балабақша күн коллекторларымен жабдықталады. Су тапшылығы бар аймақтарда ауызсуды жеткізу жүйелері орнатылады. Мектептерде оқушылардың гигиеналық әдеттерін қалыптастыру үшін ауқымды түсіндіру жұмыстар жүргізіледі.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру