Қазақстандық миллионер Балушкин Ресей әскеріне Украинадағы соғысқа техника берді

фото: видеодан кадр

Қазақстанда іздеуде жүрген кәсіпкердің видеосын Мемлекеттік дума депутаты, «Ахмат» арнайы жасағының командирі Апти Алаудинов өз Telegram-арнасында жариялады.

Кадрда Балушкин Қазақстанда атышулы «БИПЭК Авто» мен «Азия Авто» компаниялары жасаған «Пластун» жол талғамайтын көлігінің артықшылықтарын айтты.

«Машина Новосібірде толықтай біздің инженерлер мен конструкторлар тарапынан жасалды. Барынша қарапайым әрі сенімді етіп шығаруға тырыстық», – дейді қашқын миллионер.

Ол бұл көлікті қиын жолдарда жүруге және жараланғандарды эвакуациялауға қолдануды ұсынды. Ал «Ахмат» командирі Балушкин таныстырған машинаны К-700 тракторымен салыстырды. Алаудиновтың айтуынша, «Пластунның» бір данасын Ресей әскері әлдеқашан алған.

«Біз оны сынақтан өткізіп, қалай өзін көрсеткенін айтамыз. Барлық параметрлері мен көрсеткіштерін әскери жағдайда тексереміз», – деді Алаудинов.

Қазақстан билігі автоөндіріс магнаты Анатолий Балушкинді 2021 жылдың тамызынан бері алаяқтық айыбы бойынша іздеуде.