Қазақстандай бай мемлекет үшін азаматтарының шетелде қара жұмыс істеуі масқара — зерттеу

Фото: vk.com

2025 жылдың наурыз айында Ұлттық статистика бюросы жаңа деректерді жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы Қазақстаннан 13 732 адам көшіп кеткен. Бұл тәуелсіздік алған жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Мәселен, 2023 жылы 16 мың адам, 2013 жылы 24 мың, ал 2003 жылы шамамен 74 мың адам елден көшіп кеткен. Яғни, ресми статистикаға сүйенсек, елден кеткісі келетіндердің саны жылдан-жылға азайып келеді.

Алайда сарапшылар бұл сандардың шынайы жағдайды толық көрсете алмайтынын айтады. Себебі, жұмыспен немесе оқуға кеткендер ресми көші-қон статистикасына ене бермейді. Олар шетелге уақытша кеткенімен кейін қалып қоюы мүмкін. Сондықтан шынайы көші-қон көлемі ресми сандардан әлдеқайда көп болуы ықтимал.

Жалпы, тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстаннан 4 миллионға жуық азамат кеткен екен. Бұл ел үшін үлкен қауіп. Азаматтар өз жерінде қалып, ел игілігі үшін еңбек ете алар еді. Бірақ неге олар кетуге бел байлады? Мәселенің түбінде қандай мақсат жатыр? Ozgeris.info тілшісі елден кеткендер мен сарапшылардың пікірін зерттеп, жауап іздеп көрді.

Ерлі-зайыпты Қазақстан азаматтары елден көшіп кеткендердің бірі. Олардың айтуынша, Қазақстанда қаржылай қиындықтар болған, одан бөлек мемлекет жан-жақты қыспаққа ала бергендіктен, кәсіпті дамыту қиындай түскен.

«Бұрын мен футбол клубында администратор болып жұмыс істедім. Бір кездері «Каспий» футбол клубында өнер көрсеттім.  Екі жыл бұрын жолдасымыз екеуміз асүй бизнесін бастадық. Алдымен пісірілген өнімдерді, кейін дайын түскі астар мен ыстық тағамдар сата бастадық. Шетелге демалуға жиі баратынбыз.  Оралған сайын осында өз асханамызды ашсақ деп армандайтын болдық. Алдымен Грузия, кейін Астанаға көшеміз деп ойладық. Бірақ бір күні бізді Вьетнамға шақырды. Қазір ол жақта өз мейрамханамызды ашып жатырмыз. Бір айдан кейін қазақ, орыс — жалпы ұлттық тағамдар ұсынылатын мейрамханамыз ашылады. Мейрамханамызда қазақтың ұлттық шапандары мен туымызды іліп қоямыз. Қанша дегенмен қанымыз қазақ. Басында 3 айға кетеміз деп жоспарлап едік, енді кем дегенде бес жыл боламыз. Қазақстанда өмір сүру соңғы уақытта қиындап кетті. Футбол клубында жұмыс істеген кезімде жалақыны кешіктіріп төлейтін, себебі біз әкімдікке қарадық. Отбасымызды асырау керек болды, балаларымыз бар. Осы себептерден қаржы жағынан тұрақсыздыққа тап болдық», — дейді Ардақ және Залина.

Калифорнияға білім қуып кеткен жастардың қатарында біздің отандасымыз да бар. Оның айтуынша, дәл осы елде барлық жаңашылдық бірінші пайда болады, мүмкіндік көп.

«Америкада жеті жылдан бері тұрып келемін. 2018 жылы оқуға кеттім. Мақсатым — әлемдегі ең үздік университетке түсу болатын. Калифорнияны таңдадым», — деді Ерсұлтан Сапар.

Сарапшылардың пікірінше, елімізде жүйелі проблемалар шешілмей, көші-қон тоқтамайды.

«Қазақстанда адамдар білім алып, өз саласында дамитын салалар жетіспейді. Өте танымал бағытта білім алған азаматтар елде өздерінің қабілеттерін ашып, дамыта алмайды. Жалақы  шетелмен салыстырғанда төмен. Салық реформасы, өмір сүру, білім мен медицина сапасы, экология, қауіпсіздік, қоғамдағы мәртебе — бәрі де сапалы өмірдің көрсеткіші. Мысалы, Еуропа мен АҚШ-та профессор болу — қоғамда үлкен мәртебе», — дейді экономист Қасымхан Қаппаров.

«Елден безіп жатқандардың дені ең білімді, қабілетті, батыл жастар. Себебі өзіне сенбеген адам шетелге кетпейді. Бұл елдің болашағын жасайтын құнды капитал. Ал оларды жоғалту дегеніміз, экономикалық және технологиялық дамуды тежеу. Бүгінде әлем бойынша эмигранттар жыл сайын 7 триллион доллар көлемінде ЖІӨ жасап отыр. Бұл қаражатты өз елінің кәдесіне жаратпай, басқа мемлекеттерге айтарлықтай сомада капитал әкеліп отыр», — дейді сарапшы Айдар Әлібаев.

Ақтау қаласынан шыққан белгілі спортшы Ильдар Ягьяев қазір Ұлыбританияда қара жұмыс жасап жүр. Ол Қазақстанда болашағын көрмегенін айтты. Кезінде жемқорлықпен күрескен ол, тіпті саяси баспана да сұраған.

Фото: Instagram/ildar_calisthenics

«Ұлыбританияға көштім. Басында қырыққабат теруге кеттім. Көп адам менің таңдауыма күліп, спортшы қырыққабат теріп жүргені қалай деп мазақ қыла бастады. Бірақ эмигрант болсаң, ең төменгі сатыдан бастауың заңдылық. Қазір сол достарым өздері шетелге кетудің жолын сұрап, менің кеңестеріме құлақ асып жүр», — дейді спортшы Ильдар Ягьяев.

Қаржы мамандарының айтуынша, Қазақстандай бай мемлекет үшін азаматтарының шетелде қара жұмыс істеуі масқара.

«Қазақстан мұнайлы ел, бірақ азаматтар жұмыс іздеп басқа елге кетуге мәжбүр. Кореядағы зауыттар, Еуропадағы құлпынай теру, АҚШ-та жүк көліктерін жүргізу — еңбек миграциясы. Бұл жұмыстар үшін диплом да, тіл де қажет емес. Қазақстандай бай мемлекет үшін азаматтарының шетелде қара жұмыс істеуі масқара. Әдетте мұнайлы елдерде жұмыс күші тапшы болады. Қазақстанда ондай дефицит жоқ», — дейді сарапшы Қасымхан Қаппаров.

Журналист Еркебұлан Бекмұханбетов Түркияға көшіп үш жылдай уақыт өмір сүрген. Ол Қазақстанның шындығынан біршама алыстау үшін осындай шешім қабылдағанан айтады.

«2021 жылы Түркияға көштім. Үш жыл өмір сүрдім. Қазақстанда өзімді қауіпсіз сезіне алмадым. Бір жағдай болып қалса, отбасымды қорғайтын мемлекет жоқ. Девальвация да халықтың қаржылық жағдайына қатты әсер етеді», — дейді журналист Еркебұлан Бекмұханбетов.

Экономистердің пікірінше, қазір елде жаһандық тұрақсыздықпен қатар, жергілікті деңгейде де белгісіздік ушығып тұр.

«Салық реформасы, ел бюджеті, әлеуметтік мәселелердің барлығы түсініксіз. Үкімет үміт артыңдар дейді, бірақ қоғам соқыр сеніммен жүре бермейді. Мемлекет өз уәделерін, міндеттемелерін орындамайды. Әскердегі әлімжеттік пен сарбаздардың өлімі осының дәлелі. Алайда армия ол мемлекеттік институт, әскерге кеткен әр бір жас жігіт үшін мемлекет жауап беруі тиіс. Одан бөлек биыл жанармай бағасы, коммуналдық қызмет құны өсіп жатыр. Бұл жағдай барған сайын ушығады», — дейді сарапшы.

Елден кеткендердің айтуынша, адал еңбекпен өмір сүру мүмкін емес.

«Мен қазір құрылыс саласында жұмыс істеймін. Таңғы 7-ден түскі 4-ке дейін жұмыс, арасында 2 сағат түскі үзіліс бар. Күнделікті табысым — 130 мың теңге (200 фунт стерлинг). Бұл қарапайым жұмыс. Бірақ маған жақсы өмір сүруге және саяхаттауға мүмкіндік береді. Мұнда бәрі ашық, тез дамып, табысыңды арттыра аласың. Бәрі өзіңнің қолыңда», — дейді спортшы Ильдар Ягьяев.

Экономист Айдар Әлібаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарына барғанда жастармен кездескенін айтты. Оқуын енді аяқтайтын жасөспірімдер болашағы үшін алаңдап, өңірдегі мәселенің бетін ашыпты. Олар жұмысқа тұрып, болашақта жетістікке жету үшін тамыр-таныстарың болуы керек деп ойлайды. Себебі Маңғыстаудағы кез-келген еңбекке орналасу тек осылай шешіледі екен.

«Қазіргі Қазақстанда әділетті, ашық, адал бәсекелестік жоқ. Жастарға өзін дамытуға мүмкіндік берілмей жатыр. Сондықтан олар шетелге кетуді жөн санайды. Ал кетсе, қайта оралмайды. Эмиграция — оңай шешім емес. Ол отбасыдан, достардан жырақ өмір. Бірақ қазіргі әлемде шекара деген ұғым жойылды. Жаның, ойың туған еліңде болса, өзіңнің алыста жүргеніңді сезбейсің», — дейді сарапшы.

Жастардың кетуі — ұлттық деңгейдегі төтенше жағдай

Көшеде құбыр жарылса — төтенше жағдай. Жастардың жаппай кетуі де сондай төтенше жағдай. Бірақ билік бұған мән беріп отырған жоқ.

«Көшіп кету әрқашан болады, бірақ бұл үрдіс жаппай сипат алмауы тиіс. Мемлекет өз азаматтарын бағалауы керек. Ал азаматтарда туған жерінде өмір сүруге деген сенім мен ынта болуы тиіс», — дейді тарихшы Бақтияр Албани.

Елімізден көп жағдайда техникалық, педагогикалық және экономикалық білімі барлар кетеді. Ал Қазақстанға келгендердің негізгі бөлігі техникалық және экономикалық мамандықтарды игергендер. Алайда, сыртқы миграцияның жалпы сальдосы теріс мәнді болғандықтан, бұл көрсеткіштер шамалас бола алмайды. Сонымен қатар, еңбек нарығында теңгерімсіздіктің қалыптасуына әсер етіп отырады. Кетіп жатқан білікті және сапалы жұмыс күшінің ойсырап қалған орны елге келгендер есебінен жабылмайды. Қазақстанның кең-байтақ аумағын және халқымыздың теңгерімсіз таралуын есепке алатын болсақ, бұл үрдістер мемлекетіміздің демографиялық саясаты үшін де күрделі сын-тегеуіріндерге айналуы мүмкін. Оған қоса, елден кетушілердің негізгі бөлігі жастар. Яғни, елден көбінесе жас, білімді және келешегі бар азаматтар кетеді. Бұл зияткерлік көші-қон үрдісінің күшейгенін көрсетеді.

«Ми ағыны — миллиардтарды жоғалту десек болады. Яғни тек экономикалық, қаржылық тұрғыдан айтып тұрмын. Мәселен, әлемде мұндай үдерістердің күшеюі нәтижесінде болатын экономикалық шығындарды бағалайтын көптеген әдістер бар. Сондай бір бағалауға сәйкес, 1991-2005 жылдар аралығында 200-250 мың жоғары білімі, не аяқталмаған жоғары білімі бар азамат Қазақстаннан кеткен. Бұның әсерінен жалпы экономикалық залал шамамен 100-125 млрд АҚШ долларын құрады», — деп айтқан еді бір сұқбатында «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының сарапшысы Найля Әлмұхамедова.

Сонымен, елден көшудің себебі неде? 

1.⁠ ⁠Жоғары жалақы мен жақсы өмір сүруге ұмтылыс

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге мониторинг жүргізу бюросының зерттеуіне сәйкес, елден көшуді қалайтын азаматтардың 24,5%-ы – жоғары жалақы үшін, 23,9%-ы – өздері мен балалары үшін елде болашақ көрмейтінін айтқан. Бұл – ең жиі кездесетін себептердің бірі. Қазақстандағы экономикалық теңсіздік пен инфляция жағдайында жастардың қаржылай тұрақты болуға деген ұмтылысы түсінікті.

2.⁠ ⁠Сапалы білім алу

Жастардың 62,5%-ы шетелге білім алу мақсатында көшуді қалайды. Олардың көпшілігі ҰБТ секілді күрделі іріктеу сынақтарынан өтудің орнына, шетелдік университеттерге түсу әлдеқайда оңай әрі тиімді деп есептейді. Сонымен қатар, шетелде білім алған жастардың көбі елге оралмай, шет елдерде қалуды жөн көреді. Себебі олар өз білімдері мен дағдыларына сай жұмыс орындарын елден таба алмайды.

3.⁠ ⁠Өзін-өзі дамыту мен кәсіби өсуге қолайсыз орта

Сауалнамаға қатысушылардың 14%-ы жақсы жұмыс табу, ал 13,2%-ы өзін-өзі дамытуға қолайлы орта іздеу үшін елден кетуге ниетті. Жастар инновациялық жобаларға қатысып, өз идеяларын жүзеге асыру үшін ашық, заманауи, креативті экожүйе іздейді. Қазақстанда бұл мүмкіндік шектеулі немесе тек белгілі бір орталарға ғана қолжетімді.

4.⁠ ⁠Жемқорлық пен бюрократия

Көптеген жастар елдегі жемқорлық, әділетсіздік, «таныс арқылы» шешілетін жүйеге наразы. Олар жеке қабілет пен еңбектің бағаланбайтынына сенеді. Бұл фактор олардың болашаққа сенімсіз қарауына және басқа елдерде өмір сүруді армандауына түрткі болады.

5.⁠ ⁠Мамандық бойынша жұмыс табу қиын

Шетелде оқып келген жастардың көпшілігі Қазақстанда өз мамандығы бойынша жұмыс табуда қиындықтарға тап болады. Бұл – кадр саясаты мен еңбек нарығындағы сәйкессіздікке байланысты. Соның салдарынан олар біліміне сай жұмыс іздеп, қайтадан шетелге кетіп жатады.

Жастар мен білікті мамандардың кетуі ел үшін үлкен қауіп. Бұл адами капиталдың жоғалуы ғана емес, сонымен қатар инновациялық әлеуеттің әлсіреуі, экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі.

Сондықтан мемлекет адам капиталы үшін алаңдауы керек дейді сарапшылар. Жұмыссыз жастарға лайықты жұмыс орындары, сапалы білім, әділ жүйе мен кәсіби өсу мүмкіндігі ұсынылуы тиіс. Әйтпесе, «ми ағыны» (brain drain) тек арта бермек.