Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай елімізде қандастарды құжаттандыру механизмін жеңілдетуді ұсынды. Айтуынша, құжатсыздардың алды Қазақстан азаматы болуды армандап өмірден өтіп жатыр.
Журналист бірнеше мысалдарды келтірді.
«Мұрат ағамыз атажұртқа Өзбекстаннан 1997 жылы қызыл паспортпен келді. КСРО паспортымен шекарадан қалай өтті бір құдайым білсін? Бір баламен келіп, елде тағы 4 бала дүниеге келді. Содан бергі 28 жылда бір әулеттегі 4 адам төлқұжат ала алмай жүр», — деп жазды ол.
Әлеуметтік желідегі видеода құжат ала алмай жүрген ер азамат өтінішті жібермеген адамы қалмағанын айтып, депутаттар да бас прокурор да ісін қарамағанын жеткізді. Амалы қалмаған соң журналистке хабарласқан. Енді журналисттің айтуынша, өкінішке орай әлі күнге дейін ешқайсысы құжат алмаған.
Қазақстанда туып, өсіп, оқып, өніп, ЖСН алған балалар неге ҚР азаматтығын алмайды?
Себебі, заң бойынша әкең қазақ, Қазақстан азаматы болса да шешең өзге елдікі болса алдымен бала сол елдің азаматтығын алып, соны өткізіп барып ҚР азаматы болады.
Өзбекстанға өтіп құжат көшірмесін әкелейін десе әйелін ары өткізбейді, біз жақ дубликат әкел дейді. Осылайша, Зүлфия жеңгей далаға шықпай бір үйде, бір нүктеде отырғанына 28 жыл болды.
Құжат механизмінің кедергісінен жапа шеккен жалғыз бұл отбасы емес.
Өзбекстаннан келген Зеренің 70-тен асқан анасы үйінде құжатсыз шіріп жатыр. Айгүл атты қандасымыздың әулетінде 4 ұрпақ құжатсыз. Кейіпкеріміз Елмираның өзі де күйеуі де құжатсыз 4 бала өсіруде. Ақтеректе тағы құжатсыз әйел 6 баланың анасы. Самсыда тағы 6 баланың агасы құжатсыз жүр. Мысал келтіре берсең толып жатыр. Құжатсыздардың алды Қазақстан азаматы болуды армандап өліп жатыр.
Қандастарды құжаттандыруды сонша қиындатпай (әкесінің құны көк тиын, тек анасына жазу) жеңілдету механизмін енгізсек қатарымыз 2 млнға толысар еді.
Несіне таң қаламыз? Қырғыздар кеше 5 млн еді, қазір 7,5 млн-ға жетті. Ал өзбектерің саны 38 млнға жақындап қалды.
«Анасының анасының шыққан жерін түгендеп жүріп ұлт санынан Орта Азияда тағы артта қаламыз-ау», — деп пікір білдірді журналист.
Есесіне 2024 жылы шетелдік 435 408 азаматқа ЖСН берілген, оның ішінде 233 013-і Ресей азаматтары. Дегенмен, ЖСН алу Қазақстан азаматтығын білдірмейді, ол тек Қазақстан аумағында түрлі қызметтерді пайдалану үшін қажет сәйкестендіру нөмері болып табылады.
ҚР азаматтығын алу “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” заңымен реттеледі. Ол үшін:
— Қазақстанда кемінде 5 жыл тұрақты тұруы керек немесе қазақ ұлтының өкілі болса, елге келген сәтінен бастап азаматтық алуға өтініш бере алады.
— Қазақстан заңдарын сақтау және елдің мемлекеттік тіліне, мәдениетіне құрметпен қарау.
— Тұрақты табыс көзі болуы қажет.
— Сотталмаған болуы тиіс және қауіпсіздік тұрғысынан ешқандай заңбұзушылық жасамауы керек.
Заң бойынша жеңілдетілген түрде азаматтықты алуға да болады. Мысалы оралмандар және Қазақстан азаматына үйленген немесе тұрмысқа шыққан адамдар. Қазақстанда туылған немесе ата-анасының бірі Қазақстан азаматы болған адамдар.
Егер Қазақстан үшін ерекше еңбегі сіңген, ғылым, спорт, мәдениет немесе экономика салаларында елге пайда тигізген адамдар болса, олар Қазақстан Президентінің жарлығымен азаматтық ала алады.
Азаматтық алу үшін қандай құжаттар керек?
- Өтініш (Қазақстанның Ішкі істер органдарына – миграциялық қызметке беріледі).
- Жеке басын куәландыратын құжат (шетелдік төлқұжат, ықтиярхат).
- Тұрақты тұруға рұқсат (Қазақстанда 5 жыл тұрғанын растау үшін).
- Сотталмағаны туралы анықтама.
- Мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек.
- Қазақ ұлтына жататынын растайтын құжат (оралмандар үшін).
- Неке туралы куәлік (егер жұбайы Қазақстан азаматы болса).
Құжаттарды қарау мерзімі шамамен 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Жеңілдетілген тәртіп бойынша өтініштер 3-6 ай ішінде қаралады.
ПІКІР ЖАЗУ