Қазақстан билігі биткоин сияқты қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын заңдастыруды көздеп отыр. Бұл қадам криптовалюталарды көлеңкелі нарықтан шығарып, азаматтарға оларды қауіпсіз әрі заңды түрде пайдалану мүмкіндігін беруге бағытталған деп хабарлайды ozgeris.info сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта көптеген қазақстандықтар заңсыз криптобиржаларды қолдануға мәжбүр. Бұған басты себеп — ресми платформалардағы қатаң шектеулер. Мұндай жағдайда алаяқтық не техникалық ақаулар кезінде ешкім қаражаттың сақталуына кепілдік бермейді. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл реформалардың мақсаты жазалау емес, керісінше, азаматтарға криптовалютаны заңды жолмен қолдану мүмкіндігін беру екенін атап өтті.
Билік бірқатар нақты бастамалар ұсынуда. Атап айтқанда, АХҚО (Астана халықаралық қаржы орталығы) лицензиясы бар платформаларда криптооперацияларға рұқсат берілмек. Заңды тұлғаларға криптовалютаға инвестиция салуға, ал төлем ұйымдарына криптобиржалармен әріптестік орнатуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, АҚШ долларымен операциялар бойынша валюталық шектеулер алынып тасталмақ және бұрын сатып алынған криптоактивтерді заңдастыруға жол ашылады.
Майнинг саласы да назардан тыс қалмайды. Бұл секторда арнайы экономикалық аймақтар құрылып, майнерлерге өз электр станцияларын салуға рұқсат етілмек. Майнинг жабдықтарын импорттауға қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, бұрын текке жағылатын ілеспе газды пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда.
Аталған шаралар елімізге инвестиция тартуға, ашық әрі бақыланатын криптоэкожүйе қалыптастыруға, финтех саласында Қазақстанның беделін арттыруға және азаматтарды заңсыз платформалардан қорғауға бағытталған.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, АХҚО-дан тыс криптовалюта сатып алу, сату және айырбастау жеке тұлғаларға тыйым салынған. Лицензияланбаған, әсіресе шетелдік платформаларда жасалған операциялар заңмен қорғалмайды. Бұл жағдай азаматтарды көлеңкелі нарыққа итермелеп, салық төлеуден жалтаруға және қаржылық қауіп-қатерге ұшыратуда.
Айта кетейік, Астанада жасырын майнерлер 143 миллион теңгенің криптовалютасын өндірген. Сонымен қатар, Қазақстанда алғашқы криптобанк құру мәселесі де талқылануда.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру