Айдарбек Сапаров ет бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді. Министрден бағаның қымбаттау себебі сұралды (қазіргі таңда сиыр етінің бір келісі 3,5 мың теңгеге жетті).
Журналист 2023 жылғы қуаңшылықтың салдары болуы мүмкін екенін, сондай-ақ қазіргі бағаның шегі емес екенін айтты («барлық малды сойып тастады» деп болжам жасады).
«Біріншіден, барлық мал сойылған жоқ. Екіншіден, бұл қуаңшылықтан емес. Қуаңшылық – алдыңғы жыл болатын. Өткен жылы біз қалыпты өнім алдық. Өзіңіз көріп отырсыз, алдыңғы жылы астық қанша тұрды, қазір қанша… Теңгерімді азықтандыру үшін бізде жем жеткілікті. Жем өте арзан – 50 мың теңге. Бұл бағаға ешқандай әсер етпейді».
Оның айтуынша, бағаның көтерілуіне «Тәжікстан мен Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуы» себеп болған:
«Сондықтан олар сатып ала бастады, аймақтарды аралады. Осы кезде біздің делдалдар іске қосылып, бағаны көтере бастады. Қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Кеше ет сатумен айналысатын адамдарға өзім қоңырау шалдым. Баға 2700-ден басталып, 3300 теңгеге дейін жетеді (кей жерлерде одан да қымбат болуы мүмкін, ол еттің сапасына байланысты). Өнім жеткілікті, бәріне жетеді».
Министр алдағы уақытқа болжам жасаудан бас тартты. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің міндеті – өндіріс, ал бағаның шекті мөлшерін Сауда департаменті бақылауы керек.
Шымкентте ет өнімдерінің қымбаттауына жақында сатып алушылар да, сатушылар да шағымданған еді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру