Қазақстанда цифрлық сот орындаушысы енгізілді
Елімізде қарыздарды өндіріп алу бойынша автоматтандырылған жүйе – сот орындаушы роботы іске қосылды. Бұл жүйе жеке сот орындаушылардың (ЖСО) қызмет ақысын төлеуге кететін қосымша шығындардан құтылуға мүмкіндік береді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Әділет департаментінің басшысы Балаим Кесебаева мәлімдеді.
«2024 жылдың тамыз айында іске қосылған сәттен бастап 2,2 миллиард теңге сомасына 109 мың атқарушылық іс қозғалды. Жеке сот орындаушылардың қызмет ақысын төлеуден бас тартудың арқасында азаматтар 550 миллион теңге үнемдеді, ал жылдық үнемдеу 5 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтілуде», – деді Балаим Кесебаева.
Бұрын атқарушылық іс қозғалған кезде борышкерлер ЖСО қызметін қосымша төлеуге мәжбүр болатын, бұл қарыз сомасының 25%-ына дейін жетеді. Енді бұл процесс толық автоматтандырылған: азаматтар 5 күн ішінде айыппұлсыз және сот орындаушыларына бармай-ақ қарызын өз еркімен өтей алады.
Робот автоматты түрде атқарушылық іс қозғайды және борышкерлерді SMS (1414) және EGov Mobile қосымшасындағы push-хабарламалар арқылы хабардар етеді. Егер қарыз өтелмесе, жүйе тек бір ғана банк шотына тыйым салады, ал бұрын ЖСО борышкердің барлық шоттарын бұғаттайтын.
Цифрлық сот орындаушысы ЖСО қарағанда тегін қызмет көрсетеді, борышкерлерге онлайн жүйелер арқылы автоматты хабарлама жібереді, қарызды онлайн төлеу және шектеулерді лезде алу, сондай-ақ қарыз өндіріп алу процесінен адами фактор болмайды.
ПІКІР ЖАЗУ