Қазақстанда азық-түлік өндірушілері үшін ҚҚС мөлшерлемесін төмендету ұсынылды

Фото: vlast.kz

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин Мәжілісте Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді таныстырды.

«Біз ҚҚС бойынша дифференцияланған мөлшерлемені ұсынамыз. Жалпы белгіленген мөлшерлеме 16% болады – бұл базалық көрсеткіш. Екінші нұсқа – агроөнеркәсіп кешені үшін ҚҚС-тан толық босату. Сонымен қатар, ерікті тіркеу құқығы сақталады», – деді ол.

Оның айтуынша, салық төлеуші өз еркімен ҚҚС төлеуші болғысы келсе, оған мүмкіндік беріледі.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы үшін 10%-дық аралық мөлшерлеме ұсынылып отыр.

Кәсіпкерлермен кездесулерден кейін көптеген ұсыныстар түскенін айтқан вице-министр, ҚҚС мөлшерлемесін азық-түлік пен басқа да тауарларға төмендету бастамалары болғанын жеткізді.

Мәжіліске ұсынылған құжаттарда ҚҚС мөлшерлемесіне қатысты толық ақпарат берілген.

«Дамуды ынталандыру үшін 10%-дық аралық мөлшерлемені туризм, IT, креативті индустрия және азық-түлік өндірісі сияқты бірқатар салаларға қолдану қарастырылуда», – делінген құжатта.