Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі АИ-92 маркалы жанармайдың бағасы тағы 5 теңгеге өсіп, 210 теңге болатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бағаның өсуі біртіндеп жүзеге асырылады. Сонымен қатар нарықтық факторларға байланысты болады. Бұл процесс елдегі жанармай бағасын көрші елдермен теңестіруге әкеледі.
Айта кетейік, 2024 жылдың он айында автобензин қоры 453 – тен 295 мың тоннаға дейін, дизель отыны 554-тен 279 мың тоннаға дейін төмендеген. Бұл ретте бензинді айлық тұтыну шамамен 425 мың тоннаны, дизель отынын тұтыну — 467 мың тоннаны құрайды. 2024 жылдың қарашасында Үкімет Ресеймен мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу туралы келісімді қайта бастауға мәжбүр болды.
Сонымен қатар, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) өндірістің өсуін көрсетуде: 2024 жылдың 11 айында бензин өндірісі 2,1% – ға артып, 4,88 млн тоннаға, дизель отыны 4,3% — ға артып, 4,9 млн тоннаны құрады. Алайда, бұл көлемнің өзі контрабанда ауқымын есептегенде жеткіліксіз болып шығады.
Заңсыз отын шығарудың негізгі себебі — бағаның айтарлықтай айырмашылығы.
2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда бір литр АИ-92 бензинінің құны 205 теңге, Ресейде – 282 теңге, Қырғызстанда – 381 теңге, Өзбекстанда – 493 теңге болды. Дизель бағасы Қазақстанда 295 теңге, көрші елдерде 350-550 теңге.
Қазақстаннан көрші елдерге заңсыз тасылатын жанар-жағармайдың ай сайынғы көлемі 45 мың тоннаға жеткен деп қаржы сарапшысы дабыл қаққан еді.
Министрлік бағаның өсу қарқыны мен нақты мерзімін әлі жариялаған жоқ. Бірақ болжам бойынша, жанармай бағасы кезең-кезеңмен қымбаттауы мүмкін.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру