Акордада Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуіне орай ресми қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz ақпарат порталына сілтеме жасай отырып.
Салтанатты рәсімнен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам тар құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы бұл сапарды екі ел арасындағы берік достықтың айқын дәлелі ретінде атап өтті.
– Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі. Екі жыл бұрынғы Вьетнамға ресми сапарым барысында екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Келесі айда елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толады. Достық байланыстарымыз әрі қарай да нығая түсетініне сенімдімін, – деді Тоқаев.
Өз кезегінде То Лам Қазақстанға көрсетілген қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, келіссөздер нәтижесі екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
– Делегациямыздың бұл сапары – мемлекеттеріміз арасындағы серіктестіктің қарқынды дамуы мен өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады, – деді Вьетнам Коммунистік партиясы ОК Бас хатшысы.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру