Отандық кәсіпкерлер үшін тарихи мүмкіндік: ТМД нарығы есігін ашты, жаңа келісім не береді?

Фото: pinterest.com

Қазақстан бизнесі үшін жаңа дәуір басталды. ТМД елдері еліміз үшін мүмкіндіктер есігін ашып берді. Бұл кәсіпкерлер үшін нені білдіреді? Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікірін саралап көрді.

17 сәуірде Сенат Қазақстанның ТМД елдерімен жаңа еркін сауда туралы келісімге қатысуына мүмкіндік беретін заңды мақұлдады. Негізі бұл құжатқа 2023 жылы қол қойылған. Ол өңірдегі экономикалық интеграцияны тереңдетуге, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Депутат Серік Шайдаровтың айтуынша келісімнің негізгі мақсаты қазақстандық және басқа да қызмет көрсетуші экспорттаушылар үшін ТМД елдерінің нарығына жол ашу. Одан бөлек:

-шетелдік капитал қатысатын кәсіпорындарды құруды жеңілдету;

-инвестицияларды қорғау, капиталды еркін аударуды қамтамасыз ету;

-өзара қызмет саудасының өсуіне серпін беру оның ішінде көлік телекоммуникация қаржы білім беру және туризм салаларында.

«Бұл келісім қызмет экспортының әртараптандырылуына бизнестің позициясын нығайтуға және инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуға құқықтық негіз қалыптастырады», — деп атап өтті Шайдаров.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше 2024 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанның ТМД елдерімен қызмет саудасы 3,2 миллиард долларды құрап оның 1,61 миллиарды экспортқа тиесілі болған. Негізгі бағыттар логистика, қаржы, IT, білім беру және туризм.

Жаңа келісім бойынша Өзбекстан және Тәжікстан елдерімен сауда байланыстарды арттыруға мүмкіндік береді. Бұл елдерде қазақстандық бизнес белсенді түрде дамып жатыр.

Құжатты ратификациялау бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді, бірақ ол келесідей салаларға серпін береді:

-шағын және орта бизнеске ТМД нарығына шығуды жеңілдетеді;

-ірі инвесторларға капитал салымдарының қорғалуын арттырады;

-қызмет экспортымен айналысатындарға логистика, IT, білім беру салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Келісім ТМД шеңберіндегі экономикалық байланыстарды нығайтып одан әрі интеграция үшін берік негіз қалайды. Бұл жаһандық экономикалық қиындықтар жағдайында қызметтер мен инвестициялардың бірыңғай нарығын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам», — деп атап өтті министр.

Бұл әрбір кәсіпкер үшін нені білдіреді

Бұл келісім қазақстандық компанияларға көрші елдердің нарығында еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді – артық бюрократия мен шектеулерсіз. Мысалы шетелде қызмет көрсету филиалын ашу немесе ТМД елдеріндегі жобаларға қаржы салу әлдеқайда оңай бола түспек.

Сарапшылар қарапайым тілмен түсіндіріп көрді.

Шартты түрде айтсақ, қазақстандық ІТ-компания еш қиындықсыз Өзбекстан немесе Қырғызстанда қызмет көрсете алады. Қазақстандық кәсіпкер Бакуде сұлулық салонын ашса, оны жергілікті кәсіпкерлермен тең дәрежеде сол елдің заңы қорғайтын болады.

Тәжікстандық инвестор Алматыда қонақүй салуға қаржы сала алады. Және оның капиталын ешкім тартып алмайды. Ол өзінің тапқан табысын еліне еркін аударуға құқылы.

«Келісім елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, өзара инвестиция көлемінің артуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар ТМД елдерінен келетін инвесторлар үшін нақты әрі түсінікті ережелер енгізіледі. Олардың капиталы қорғалады, ешкім мәжбүрлеп тәркілей алмайды. Ал табысты өз еліне еркін аударуға мүмкіндік ашылады», — деп атап өтті сарапшылар.

Шағын және орта бизнес үшін – жаңа мүмкіндік

Сарапшылар бірқатар оң факторларды тізіп шықты. Олардың пайымдауынша, бұл келісім әсіресе шағын және орта бизнеске тиімді. Бұрын шетелге шығу үлкен шығын мен күрделі рәсімдерге байланысты болса, енді бұл жол айтарлықтай жеңілдейді. Стартаптар мен жас кәсіпкерлер үшін бұл жаңа нарыққа шығуға таптырмас мүмкіндік.

Қазақстандық компаниялар ТМД елдерінде жаңа клиенттер мен серіктестер таба алады. Білім беру, қаржы, туризм, IT, логистика сияқты салаларда қазақстандық қызметтерге сұраныс артуы мүмкін. Бұл өз кезегінде экспорт көлемінің ұлғаюына әсер етеді.

Келісім инвесторлар үшін капиталды еркін кіргізіп-шығаруға, сондай-ақ оны мемлекет тарапынан тартып алудан қорғауға кепілдік береді. Бұл тек шетелдік емес, қазақстандық инвесторлар үшін де маңызды. Қазақстан енді сенімді әрі ашық инвестициялық орта ретінде дами түседі.

Келісім ТМД елдері арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, бірыңғай қызмет нарығын қалыптастыруға жол ашады. Бұл – жаһандық тұрақсыздық жағдайында өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңызды құралы.

Еркін бәсеке жағдайында компаниялар өз өнімдері мен қызмет сапасын арттыруға, инновацияларды енгізуге тырысады. Бұл өз кезегінде қазақстандық бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына және тұтынушыларға сапалы қызметтер ұсынуға жол ашады.

ТМД аясындағы жаңа келісім Қазақстан үшін тарихи мүмкіндік болмақ. Ол кәсіпкерлерге шекарадан тыс жұмыс істеуге жол ашып қана қоймай, ел экономикасына жаңа серпін бермек. Ендігі міндет осы мүмкіндікті тиімді пайдалану.